«Қазаққа тек қазақтың жаны ашиды»

Айдос Сарым, саясаттанушы
Айдос Сарым, саясаттанушы
Айдос Сарым, саясаттанушы

Теңгенің құнсыздануы, мұнай бағасының түсуі және басқа да әлемдік деңгейде орын алып жатқан елеулі оқиғалар ел экономикасына қаншалықты зиянын тигізеді? Біз қаншалықты мемлекетшілміз? Саясаттанушы Айдос Сарымды сөзге тартқанда білмек болғанымыз осы жәйттер еді.

– Еліміздегі Ұлттық қордың қаржысы 2 жылда таусылады деген болжам бар. Әрі қарай не болады? Саясаттанушы ретінде қандай болжам жасар едіңіз?

– Бүгінгі күннің бас ауыртар мәселесіне айналып отырған ұлттық валютаның девалвация-лануы мен мұнай бағасының күрт төмендеуі орын ала қалса, онда сөз жоқ ұлттық қордағы қаржыны жұмсауға тура келеді. Мұның ақыры экономикалық құлдырауға әкеліп соқтырады. Сондықтан да, билік осы келеңсіздіктердің алдын алу үшін жекешелендіру мен орта және шағын кәсіпкерлікті қолға алғаны жөн. Бұлай деуімізге толық негіз бар. Мәселен, Еуропа елдері айтулы шаралар арқылы дамудың даңғыл жолына түсіп отыр. Нақ осындай ұстанымға лайықты өмір сүріп жатқан еліміздегі Алматыны айтуға болады. Онда тасып жатқан қазына қоры жоқ. Дегенмен, қоғам белсенділігінің жоғары болуының арқасында кәсіпкерлік дамып, әлеуеті көтеріліп отыр. Сонымен қатар, осы мақсатқа жақын іс-әрекет жасап жатқан Оңтүстік Қазақстан облысын айтуға болады. Мұнда ауыл шаруашылық саласы дамып, жеке кәсіппен айналысушылар саны да артып отыр.

Бүгінде биліктің қатысуынсыз қоғамға қажетті барлық жағдайларды жасауға болады. Яғни, кез келген адам өзі үшін жұмыс жасап, еңбектенсе әлеуметтік ахуалдың жақсаруына септігін тизетіні анық.

Билік пен Үкімет екі бөлек құрылым. Мемлекеттің орнына билікті құрметтегеніміз дұрыс емес. Ата заңымыз бойынша мемлекеттің негізгі көзі – халық болып саналады. Сондықтан да, халыққа қажетті барлық жағдайлар жасалынып жатыр. Дейтұрғанмен, бұл жақсылықтарды көру мүмкіндігі кез келген адамға бұйыра бермейді. Халықтың мүмкіндігін көбейту үшін ортадағы бюрократия мен шенеуніктердің саның азайту керек. Сонда ғана қарапайым халықтың мүмкіндігі ашылып, парақорлыққа тосқауыл қойылған болар еді.

– Парақорлық демекші. Осы мәселе қазір бізде де өзекті күйінде қалып отыр. «Жемқорлықпен күрес» туралы мемлекеттік бағдарлама қабылданғалы он жылдан асты. Осы уақытқа дейін күресіп келеміз. Жеңуге бола ма?

– Кеңестік кезеңде Гүржістан жемқорлықтың былығына батқан ел ретінде танымал болған. Осы жағдай халықты титықтырып, құлдырау деңгейіне жеткізді.   Қазіргі кезде Грузияда кез-келген мәселе парасыз шешіліп, жемқорлықтан арылғанын аңғаруымызға болады. Бұдан шығатын қорытынды 10 жылдың ішінде жемқор халықтың санасын өзгертуге болады деген сөз. Біздің елдің де осы қадамға аяқ басқаны жөн.  Әрине, ол оңайға соқпас. Дегенмен, биліктің белсенділігі қажет.

Егер, әрбір адам мемлекетке жаны ашитын болса, онда ол билікке кінәні тағудың орнына шешудің жолдарын қарастырған болар еді. Осындай әңгімелерді көтеретін сапалы қоғамдық талқылаулар қажет. Сол арқылы көңілімізде жүрген күпті ойларды қозғап, келелі мәселелерді шешіп, дамитынымыз анық.

– ТМД елдерінің бірқатарында соңғы жылдары орын алып отырған оқиғалар бізге де көп ой салды. Мәселен, Ресейдің Қырымды алып қоюы, Украинадағы төңкеріс… Қала берді, көрші елдің саясаткерлерінің аузынан Қазақстанның тұтастығына сызат түсіретін әңгімелер айтылды. Елдің тұтастығын нығайтып, сондай алып-қашпа әңгімені  қалай доғаруға болады?

– Мемлекетіміз тәуелсіздігін жариялаған жылдары қазақтың саны 39 пайыз ғана еді. Бүгінде 70 пайызға жеттік. Бұл деген сөз еліміздің жылдан – жылға дамып жатқанының айқын көрінісі. Астананы дамытуға 5 трлн. теңге салынған деген ақпарат бар. Оның ішінде, қымқырылғанын, жымқырылғанын есепке алмағанда жұмсалған еңбек өз нәтижесін беріп келеді. Яғни, Астананы дамыту арқылы Орталық Қазақстанды қазақыландырдық. Ендігі кезекте еліміздің солтүстік аймақтарын қазақыландыру керек. Мүмкіндік болып жатса, қазақтың белсенді топтарын Солтүстік аймақтарға көшіру керек. Тіптен, қомақты қаржы көздерін жұмсап, қолдан келген басқа да жағдайларды жасасақ ұтарымыз көп.
Бағзы заманда азаматтар ата-бабаларының сүйектерін жау жеріне көміп, бір күннің ішінде мазар салып, қоныс аудару арқылы жер көлемін көбейткені тарихтан белгілі.

Осы оқиғадан соң бүгінгі ұрпаққа аманат етіп берілген ұлан байтақ жеріміздің бізге  оңай келмегенің аңғаруымызға болады. Оны қастерлеп, көздің қарашығындай сақтау бүгінгінің міндеті. Сондықтан да, кез-келген жағдайға дайын болуымыз керек.

Бүгінгі биліктің өз халқынан басқа сенетін амалы жоқ. Яғни, қазаққа қазақтың ғана жаны ашиды, сенеді. Осыны билік пен саяси элита дұрыс түсінуі керек. Ел арасындағы бөліну мен бәлсінуді қойып, өз билігімізді өзіміз қолға алатын уақыт жетті. Мемлекетімізде ең алдымен қазақ ұлтының шоқтығы биік тұруы қажет. Бұл заңдылық аксиомасы. Мәселен, Германияда –немістің, Қытайда — қытайдың, Түркияда – түріктің құқығы алда тұрады. Осыған байланысты Қазақстанда – қазақтың мәртебесі жоғары болуы керек.

Айтқан жерден аулақ, көрші Ресеймен арада кикілжің туып, 3-4 облысымызды тартып алатындай жағдайлар орын алып жатса, онда барып мемлекет мүддесі үшін кеуде соғып, тойтарыс беретін азаматтарды табу қиынға соғады. Мысалға, 90-шы жылдары казактардың Орал қаласын орыс жеріне қосуға қатысты оқиға кезінде қоғам белсенділері қарсы шығып, табандылықтарының арқасында жерді аман алып қалды. Міне, осындай арлы, ойлы арда азаматтар шоғырын көбейту керек.

– Кешегі сайлауға қандай баға бересіз?  Осы сайлау алды сценариге көңіліңіз толды ма?

– Шынын айтайын. Сайлау алды сценариге көңіл толған жоқ. Дегенмен, өткен сайлау геосаяси кезеңге тура келгенін де ескеру керек. Яғни, әлемнің түкпір-түкпірінде болып жатқан қақтығыстардың салдары біздің елге де әсер етуі ықтимал.

Сондай-ақ, еліміздегі кезекті сайлау тұңғыш рет сыртқы және ішкі күштің әсерінсіз өткізілді. Мұның бірден-бір көмегі – қоғамға күш жинауға, биліктің өз-өзіне келуіне зор септігін тигізеді. Яғни, сайлаудың ашық түрде өтуіне мүмкіндік берілді. Үміткерлердің сайлауалды бағдарламасын халыққа жеткізуге қажетті жағдайлар жасалынды.

Ендігі жерде, билік сайлауға қандай күштердің қатысатынына жіті көңіл бөлуі керек.

Екіншіден, алдағы Парламент сайлауының тартысты өтуіне күш салуы қажет. Алдағы 10 жылдың ішінде 3-4 сайлау өткізуге мүмкіндік туады. Яғни, айтулы науқандарда өз тарапынан қатысып, қоғамда өзін-өзі ұстай алатын жан-жақты ортаны қалыптастыру қажет. Сонымен қатар, Президент институтынан кейінгі саяси күшке Парламент пен партияны айналдыру қажет.

Үшіншіден, әділ сот жүйесін жетілдіру керек. Яғни, кез – келген азамат сотта мемлекетке, не болмаса жеке басқа қатысты мүдделерді заң тұрғысынан дәлелдеп, өз сөзіне толықтай жауап беруі тиіс.

– Әңгімеңізге рахмет.

Лаура Сапарбекова

«Оңтүстік Рабат», №17, 29.04.2015