Биыл Түркістан облысында төрт ауданның әкімін халық өзі сайлайды

46

Түркістан облысында төрт ауданның әкімі сайланады. Бұл туралы  сегізінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының кезекті бесінші сессиясында айтылды. Сессия жұмысының алдында мәслихат төрағасы облыстағы жаңа кадрлық тағайындауларды хабарлап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы басты басымдықтарына тоқталды.

Сегізінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың кезекті бесінші сессиясының жұмысына облыс әкімі Дархан Сатыбалды, облыс әкімдігінің мүшелері, қалалық, аудандық мәслихат төрағалары, облыстың мемлекеттік органдарының басшылары, облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары, облыстық қоғамдық ұйымдар төрағалары, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Сессия жұмысын облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов жүргізді. Күн тәртібінде 22 мәселе қаралды. Мәслихат депутаттары күн тәртібіндегі «Түркістан облысы әкімінің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы туралы есебі» бойынша облыс әкімінің жұмысына оң баға беріп, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Сонымен қатар сессияда Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының, білім басқармасы басшысының, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының есептері назарға алынды. Одан бөлек, кадрлық өзгерістерге байланысты Түркістан облысы әкімдігі жанындағы бірқатар комиссиялардың құрамына өзгерістер енгізілді.
Жалпы, сессия жұмысында қаралған мәселелер бойынша мәслихат депутаттары тиісті шешімдер қабылдады. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды сессия жұмысын қорытындылап, мәслихат жұмысына табыс тіледі.
– Бүгін сессияда көтерілген маңызды мәселелер шешімін тауып отыр. Былтыр білім саласында мектепке дейінгі ұйымдарға жалақы мәселесі туындап, оны толық шештік. Ондай олқылықтар қайталанбауы үшін комиссия жасақтап, мәселе бақылауға алынып отыр. Биыл өңірде бастауыш сыныптың 180 мыңнан астам оқушысын ыстық тамақпен қамту мәселесі шешілді. «Қауіпсіз мектеп» жобасына да қаржы бөліп, білім ұялары бейнебақылаумен, қоршаумен қамтамасыз етіліп жатыр. Білім саласын дұрыс жолға қоймасақ, болашақта дамуға қол жеткізу қиын. Мемлекет басшысы 1 қыркүйекте кезекті Жолдауын жариялады.
Айта кетейік, сессияда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты шешімдермен қатар саяси шешімдер де қабылданды. Бұған дейін ауыл округтерінің сайлауы өтсе, биыл аудан әкімдерінің сайлауы өтеді. Шардара, Мақтарал, Созақ және Бәйдібек аудандарының әкімдерін сайлау күні 5 қарашаға белгіленді.