Мәжіліс депутаттары ақпараттандыру туралы заңға өзгеріс енгізу туралы жобаны мақұлдады.
Құжат елде ұялы байланыс «құлдығын» жоюды қарастырған.
«Мобильдік құлдықты» жоюдың мәні, жалпақ тілмен айтсақ, мынада: егер азаматта Kcell-дың ұялы нөмірі болса, Beeline-ға өту үшін енді оған симка сатып алудың қажеті жоқ.Ол бар нөмірімен сол компанияға ауыса алады. Яғни, өтініш беріп, кез келген ұялы компания желісіне, кез-келген байланыс түріне нөмірді өзгертпей-ақ өте алады. Мұның бәрі ақысыз жасалынады»,- деп түсіндірді Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев Парламент мәжілісіндегі пленарлық отырыста. Қызметтің бұл түріне абоненттер 1-шілдеден бастап қол жеткізе алады.
Осы орайда, қазақстан-дықтардың басым бөлігі ұялы байланысқа айына 2 мың теңгеден артық жұмсамайды екен. Мұндай деректі Қазақстандағы мобильді байланысқа қатысты зерттеу жүргізген «Media Relations Group» агенттігі жариялап отыр. Сауалнама телефон арқылы жауап алу әдісімен жүргізілген. Оның нәтижесі бойынша сұралған 1645 казақстандықтың 73% дауыстық байланыс пен СМС хабарламаларға айына 2 мың теңгеден артық шығындалмайтынын айтыпты. 39% -ы айына мың теңге ғана жұмсайды екен. Тек респонденттердің 2% ғана ұялы байланысқа айына 5 мың теңгеден астам қаражат жарататын болып шыққан. Сұралғандардың 17%-ы тиісті заң қабылданса, ұялы байланыс операторын алмастырғысы келетінін айтыпты. Сұралғандардың тағы 33% осы төңірегінде ойланып жатқанын жеткізген. Олардың соңғы шешімі оператордың тарифтік саясатына байланысты болмақ.
Зерттеу жүргізген агенттіктің айтуынша, сауалнамаға қатысқан дардың 31%-ы үшін байланыс операторын таңдаудағы негізгі фактор – ұялы байланыс пен мобильді интернеттің бағасы. Ал, 19%-ы басқа операторға ауысуы себебін байланыс сапасымен түсіндірген.
Жоғарыда аталған факторлар «Media Relations Group» агенттігі сауалнама жүргізген 1645 казақстандық үшін ғана емес ел тұрғындарының басым бөлігінің байланыс операторын таңдау төңірегінде бір тоқтамға келуінің басты себептері болары хақ.
Бейресми деректерге сүйенсек, елдегі ұялы телефон тұтқасын ұстағанның басым бөлігі Beeline компаниясының қызметіне жүгінеді. Екнші орында Activ операторы тұр. Одан кейін Kcell мен Тele2 желілері бар. Ал, Аltel тізімнің соңғы жағында.
Қазақстанда жақында пайда болған Тele2 операторы өзінің тарифтік саясатын белсенді насихаттау арқылы осы нарықта қызу бәсекеге мұрындық болғанын да айта кеткен жөн. Осы компания келгелі қазақстандағы ұялы байланыс бағасы шамамен 10 есеге арзандаған. Бүгінде баға бәсекесі негізінен Beeline мен Тele2 арасында қызу жүріп жатыр. Егер «мобильдік құлдықтан» босататын заң қабылданар болса бұл байланыс майданында абоненттер үшін «шайқасты» күшейтері сөзсіз. Айтпақшы, «Tele2 Қазақстан» компаниясының басқарма төрағасы Пиетари Кивикко елдегі ұялы байланыс бағасы нарықтағы бәсеке негізінде емес «қолдан жасалғанын» көптен бері айтып жүр.
Бүгінде ұялы телефон тек дауыстық байланыс қана емес ғаламтор әлемін шарлайтын құралға айналып отыр. Қазірде жоғары талаптарға жауап бере алатын төртінші буындағы (4G) байланыс түрі кең танымал. Мәліметтерді өте жоғары жылдамдықта жеткізе алатын байланыстың бұл түріне елімізде бір ғана Аltel операторның линцензиясы бар. Ұялы байланыс «құлдығынан» босататын заңмен қатар төртінші буындағы жоғары сапалы байланыс түріне лицензия алуға билік барлығына бірдей мүмкіндік жасағанда ғана бұл нарықта шынайы бәсеке болмақ.
Бекжігіт МӘУЛЕНОВ
«Оңтүстік Рабат», №18, 06.05.2015