Ұялы байланыс сапасы қандай?

Үшінші мегаполисте байланыс операторларына 138 млн теңгеге жуық айыппұл салған. Тексеру нәтижесінде қала ішінде байланыс сапасы төмен 50-ге жуық нүкте анықталыпты. 64 базалық станция 4G форматына ауыстырылды.

Шымкентте өткен жылы ұялы байланыс операторларына қызмет сапасы нашар болғаны үшін 137 млн 600 мың 400 теңге айыппұл салған. Мамандардың сөзінше бұған бірнеше себеп бар. Ал байланыс операторларына қанша айыппұл салса да қызмет сапасында өзгеріс жоқ. Қала тұрғындарының пікірі де соған саяды.

«Кейде өзінен-өзі қатып қалатын болған. Жақсы ұстамай қалады. Кейде «Н» ұстап қалады»;
«Интернет қатады, жай инстаграмның өзі ашып жатқан жоқ соңғы кезде»;
«Осы бір апта болды  ұстамайды интернет»;
«Кей кезде ұстамай қалады, қаланың ішінде ұстайды», – дейді қала тұрғындары.

Өткен жылы жүргізілген тексеріс нәтижесінде қалада байланыс сапасы төмен 50-ге жуық нүкте анықталған. Сол себепті 3Г форматындағы 64 базалық станция 4г-ге ауыстырылды. Ал қуаттылықты арттыру үшін 135 5г станциясы орнатылған.

Мұхит Кемелов, Шымкент қаласы цифрландыру басқармасының басшысы: «Мобильді байланыс, мобильді интернет саласы бойынша шағым көп. Сапасы жағынан да, интернеттің жылдамдығы бойынша да. Ол бойынша өткен жылдың ортасынан аяғынан дейін бірқатар жұмыс атқарылды. МТС бойынша бізде қиын жағдай. МТС бойынша базалық станциялар өте аз. Одан бөлек олар дислокация жасап жатыр Шымкенттен басқа региондарға. Біздің Шымкентте тек Шеринг әдісімен жұмыс істейтін болады. Көп базалық станциялар төменде қалған да, жоғарыға қарай сигнал бере алмай қалған. Одан кейін бізде 3G форматында базалық станциялар көп. Бұл бойынша да жұмыс жүріп жатыр. Мысалы былтыр 64 базалық станция 4G ауысты».

2022 жылы Қазақстанның цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібінің мәліметінше ұялы байланыс операторларына сапасыз қызмет көрсеткені үшін 1,6 млрд теңге көлемінде айыппұл салған. Ал 2023 жылы 782 тексеру жүргізіліп, 3 млрд 288 млн теңге айыппұл салыныпты.

Заңнамада көрсетілген жеңілдікті ескере отырып, бюджетке 1 млрд 644 млн теңге төленген. Оның ішінде Tele2 – 751,4 млн теңге төлесе, Kcell – 563,2 млн, ал Beeline операторы – 329,4 млн теңге төледі. Бұл жұмыс операторлардың жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді дейді ведомство өкілдері.