Бұрындары жігіттерімізге «сегіз қырлы, бір сырлы» болу керек деп айтылып жататын. Бүгінде заманның талабына сай ол тек ерлер емес, нәзік жандыларға да айтыла бас-тады. Өйткені жан-жақты болу өсіп-өркендеуіңе, тек қана рухани емес, сонымен қатар материалдық тұрғыда да қорыңды байытуға үлкен септігізін тигізеді. Соған сай, «оқимын», «үйренемін» деушілерге үйретушілер де артты. Біз аз ғана уақыттың ішінде белгілі мамандықты меңгеруге көмектесуші курстар туралы айтып отырмыз.
Студенттер үшін сессия мерзімі аяқталуға жақын қалды. Ал, мектеп оқушылары оқу жылының аяқталуын тағатсыздана күтіп жүргені белгілі. Үш ай демалыста сайран қуумен емес, пайдалы іспен айналысу керектігін ескертеміз. Үйренгенің өзіңе жақсы емес пе?
Егер қандай курсқа жазыларыңды білмей жүрсең, біздің кеңестермен танысып шық.
Сонымен, Шымкентте аз ғана мерзімнің ішінде кәсіби маман болуға үйрететін бірнеше оқу орталығы бар. Мәселен, «Маман-Специалист» оқу орталығында аспаз және кондитер мамандығын алып шығу үшін 2 ай білім алу керек. Бағасы айына 15 мың теңге. Ал «Наурыз» оқыту орталығында 25 мың теңге төлеп аспаз не кондитер атануға мүмкіндік бар. Бір артықшылығы – мұнда 1 айдың ішінде біліктілікті меңгеруге болады.
Сән салондарының қызметін де аз ғана уақыттың ішінде үйрене аласың. Айтпақшы, оқу орталықтарына білім іздеп келушілер 14 жастан асса қабылдана береді. Белгілі мерзім ішінде білім алған жанға кәсіби сертификат табысталады. Кейбір орталықтар тәжірибеден өту үшін арнайы мекемелерге жолдама береді. Егер маман өзінің біліктілігін көрсете білсе, тұрақты жұмыспен қамтылады.
Жансая Тәуекелқызы