Еліміздің жол саласында маман жетіспейді. Құрылыс инженерлері, инженер-сметашы, зертханашылар, асфальт-бетон төсеушілер, білікті механизаторлар тапшы. Сонымен қатар геодезия, картограф мамандар, метеорологтар, механиктер мен жол шеберлері жетіспейді.
Олқылықтың орнын толтыру үшін Жол активтері сапасының ұлттық орталығының өңірлердегі филиалдары «2000 мектеп» акциясын қолға алған болатын.
«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Шымкент қалалық филиалының мамандары Жол- көлік колледжінде болды. Студенттермен кездесті. Жолшылар жастарға кәсіпорынның жұмысы, еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар жөнінде баяндады. Жол диагностикасы мен жұмыс сапасын сараптау кезінде қолданылатын инновациялық жаңа технологиялар туралы айтып берді.
-Біз мектеп оқушыларымен, студенттермен кездесіп, осы салаға деген қызығушылығын арттыруға күш салып жатырмыз. «2000 мектеп» республикалық акциясы аясында жол саласында еңбек етуге ниет еткен студентерді өндірістік тәжірибеден өтуге шақырудамыз. Бүгінгі таңда Жол-көлік колледжінің 2 студенті «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Шымкент қалалық филиалында, ақылы негізді тәжірибиелден өтіп жатыр, — дейді мамандар.
Айта кетейік, Шымкентте балаларды кәсіби бағдарлауға бағытталған «2000 мектеп» республикалық акциясы осымен бесінші жыл ұйымдастырылуда. Бес жыл ішінде «362 орта және жоғары оқу орындарында үгіт-насихат жұмыстарын өткізіп, оған 13,4 мыңнан астам оқушы қатысты.