Пискарев бауырластар зиратының топырағы салынған капсула Оңтүстікке жеткізілді. Сұрапыл сұм соғыс жылдарында Ленинград түбіндегі шайқасқа қатысып, ерлікпен қаза тапқан қандастарымыздың саны аз болған жоқ. Олардың сүйегі Ресей жеріндегі қорымға жерленгендіктен, бір уыс топырақ арнайы алдырылып отыр.
«Даңқ» мемориалына жиналған көпшілік алдымен бір сәт үнсіз қалып, ерлікпен қаза тапқан майдангерлерді еске алды. Шарада келген қоғамдық ұйым өкілдері мен студенттер, еріктілер, мектеп оқушылары тарихи оқиғаның куәгері болды. Пискарев бауырластар зиратының топырағы салынған құтылар салтанатты түрде өңірімізде орналасқан туристер станциясының өкілдеріне тапсырылды.
— Қоғамдық ұйымдар мен Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне деген алғысымыз шексіз! Үлкен шаруаның арқасында бізге қорымның топырағы тапсырылып отыр. Енді оны аудандағы орталық мұражайға беріп, көзіміздің қарашығындай сақтайтын боламыз. Бұл — ерлікке деген тағзым!- деді аудандағы туристер станциясының өкілі.
Ленинград қаласын қорғауға Кеңес қарулы күштері мен қала еңбекшілері жұмылдырылды. Ленинград үшін шайқаста қазақ жауынгерлері кеудесін оққа тосты. Балтық флотында көптеген қандастарымыз жауға қарсы ерлікпен шайқасты.
Қазақстаннан барған әскерлердің 30%-дан астамы Ленинград түбіндегі шайқасқа қатысты. Талайы ерлікпен қаза тапты. Олардың сүйегі Пискарев бауырластар зиратында жерленген.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=DKAxwzG7FuQ[/youtube]
Сәуле Өмірбаева, облыстық жас туристер станциясы директорының орынбасары: «Алғашында топырақты алғанымызда қатты қобалжыдық. Тіпті ұшақпен жеткізер кезде де уайым болды. Себебі, топырақты сол күйінде жеткізу біздің міндетіміз болды. Бірақ, Аллаға шүкір, әкелдік! Мешітке барып, жауынгерлер рухына Құран аяттарын бағыштадық».
Енді шекара асып келген топырақ біздің облысымызда да Лениград түбіндегі шайқасты еске салар естелік жәдігер ретінде сақталатын болады.