Шымкентте «Қаһарман Ұлт» шеруі өтті

648

Шаһарымыздағы “Қаһарман ұлт ” шеруі Қажымұхан алаңынан бастау алды. Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгерлердің есімі мен ерлігін еске салар шараға 1500-ға жуық жерлесіміз келіп, қатысты. Таңғы сағат 9-30-да жиналған жұртшылық  “Даңқ” мемориалына дейін өздерінің аталары мен туыс майдангерлерінің суреттерін мақтана алып жүрді.

Ұлы Жеңістің 72 жылдығы және майдангерлердің құрметіне қолға алынған айтулы шеру биыл күнгейде 4-ші рет ұйымдастырылып отыр. Игі бастамаға қатысушылардың қатарында жас пен жасамыс та бар.

Айта өтейік, екінші дүниежүзілік соғысқа Оңтүстіктен 140 мың жерлесіміз аттанған. Бүгінде арамызда Ұлы Отан соғысына қатысқан 235 майдангер, 19 357 тыл еңбеккері бейбіт күннің куәгері ретінде өмір сүруде. Облыстық ардагерлер кеңесінің мәліметі осындай. Ал қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мамандарының айтуынша, Шымкентте 100-ден астам соғыс ардагері мен 5 700 тыл еңбеккері бар.

Дана Алтыбаева

Дана Алтыбаева, “Қаһарман Ұлт” шеруінің қатысушысы: “Ең алдымен ұйымдастырушыларға айтар алғысым шексіз! Менің әкемнің ағасы Әбдіраман Алтыбаевтың бүгін суретін әкеліп, мақтана көтеріп, жоғары ұстадым. Майдангер соғыс алаңында ерлікпен қаза тапты. Оның сүйегі қайда жерленгенін де білмей келдік, із-түссіз кеткен. Осыдан 2 жыл бұрын әскери комиссариаттың көмегіне жүгініп жүріп, мәліметтер жинақтадық. Олар іздестіріп, мұрағаттарды көтеріп, тауып берді. Ағамыз атыс батальонының командирі болған екен, ұрыс алаңында түрлі айламен әдіс-тәсілдерді жүзеге асырып, жауды жыққан, сол үшін мәртебелі медальдармен марапатталыпты. Мұны біз енді ғана біліп отырмыз ғой. Ағамыздың рухына тағзым етіп, көзімізге жас алдық.  Бастысы, ерлік ешқашан ұмытылмаса екен дейміз!”

Жауапты мамандар 9 мамыр – Жеңіс күнінің құрметіне, соғыс ардагерлеріне 100 айлық-есептік көрсеткіш көлемінде қаржылай көмек берді. Ал тыл еңбеккерлері 5 айлық-есептік көрсеткіш мөлшерінде сыйақы алды. Естеріңізге сала кетейік, 1 айлық есептегіш көрсеткіштің сомасы – 2 269 теңге.