Сарғайған сәлем хат

19-029Редакциямызға арнайы келіп, нағашы атасы жайлы естеліктерімен бөліскен Елжан Қараевтың әңгімесі бізді бей-жай қалдырмады. Ағамыздың айтуынша, Түлкібас ауданы, Шұқырбұлақ колхозының тұрғыны Желеу мен Сейсептің шаңырағында өмірге келген ұл-қыздардың ішінде ауру-сырқаудан аман қалған Оразбай (суретте), Өтепбай және Тұрсынкүлдің тағдыры сұрапыл соғысқа сай келген екен.

– Оразбай қашанда қоғамдық іс-шаралардан тыс қалмай, септігін тигізуді құп көрген. Осындай кеңпейілділігінен арылмаған ол 1942 жылы өз еркімен соғысқа аттанады. Артында үйленгендеріне де көп уақыт өте қоймаған жары мен отбасы қалды, – дейді Елжан қария.

Ақсақалдың сөзіне сүйенсек, Оразбайдан соңғы хабар 1942 жылдың қыркүйек айында келген. Өз хатында ол сүйікті жарына деген сағынышын жазыпты. Осы хаттан соң, Оразбайдан хат келмеген. Ал, үйленген жары Әтір бүгінде басқа шаңырақтың түтінің түтетіп отыр.

Әңгіме барысында Елжан нағашысының соғыс даласында жоғалып кеткені жайлы мәліметті «Мемориал» сайтынан тапқанын айтты. Онда «Оразбай Желеуов, Сайрам аудандық әскери комиссариатынан шақырылып, қатардағы жауынгер, мерген, 1951 жылғы сәуірдің 18-індегі мәліметтердің қорытындысы бойынша хабар-ошарсыз» деген деректер ғана бар.

Ал Оразбайдың іңісі Өтепбай 1943 жылы соғысқа аттанып, одан 1944 жылға дейін хат келіп тұрады. Мұнан соң, жас сарбаздан хат-хабар болмаған. Ағалары соғысқа аттанғанда қарындасы Тұрсынкүл небәрі екі жаста екен. Әлі күнге дейін үміттен күдерін үзбеген қарындастың бауырларына деген сағынышы басылмаған. Өкініштісі, қос сарбаздың артында өмірін жалғастырар ұрпақтары да қалмады.

Бүгінде қарындасы Тұрсынкүлден тараған ұл-қыздардан өрбіген немере-шөберелер шаңырақтың шаттығына айналған. Осылайша аталары жайлы естелікті жеткізген Елжан Қараев қолындағы сарғайған хат пен суреттерді мұражайға өткізетінін айтты. Ондағы ойы келешек ұрпақ сұрапыл соғыстың сынына түсіп, ерлік танытқан аталардың еңбегін естен шығармай оқып жүрсе екен дейді.

Лаура Сапарбекова

«Оңтүстік Рабат», №19, 13.05.2015