Соғыс пен еңбек қаһарманы

Бүгін тарихқа айналған кешегі сұрапыл соғыстан елге оралған жауынгерлердің қатары сиреп барады. Облыс бойынша майданнан аман-есен қайтқан 27 мың жауынгер болса, бүгінгі таңға дейін олардың 26 мыңнан астамы бақилық болды. Біз әңгіме еткелі отырған кейіпкеріміз Әтен Мадиев те Жеңістің 70 жылдығын көре алмай кеткен ардагердің бірі.

19-027

Майдан даласына аттанып, Отанын фашистерден азат еткен ақсақал бүгінде арамызда жоқ болғанымен оның ерлік жолы тарихта және өскелең ұрпақтың жадында мәңгі сақталып қалады.

Соғыс ардагері Әтен Мадиев 1922 жылы Шаян ауданы, Бөген елдімекенінде дүниеге келіпті. Жас-тайынан ата-анасынан айырылған ол талай қиыншылықты бастан кешіреді. Алайда, қайсар мінезінің арқасында жігері мұқалмады. Ауылдағы кез-келген жұмысқа білек сыбана кірісіп кететін. Жетімдіктің тауқыметімен оқуды жалғастыруға мүмкіндігі болмайды. Бірақ, білімге деген құштарлығының арқасында 1939 жылы 1 жылдық қаржыгерлер курсына оқуға түседі. Оны 1940 жылы тәмамдаған соң өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасыпты. Алайда көп ұзамай соғыс басталып, елдегі бас көтерер азаматтардың барлығы майданға кетеді. Олардың ішінде Әтен де бар еді. Алдымен, Начинск қаласы, Иванов облысындағы Илько лагерінде жауынгерлік дайындықтан өткен ол Ворошилов, Воронеж, Харьков жеріндегі қиян-кескі ұрыстарға қатысқаСоғысн. Сондай-ақ, Әтен қария екінші дүниежүзілік соғыстағы шешуші шайқастардың бірі болған Сталинградты фашистерден азат еткен жандардың бірі.

Оқ пен оттың ортасында шыңдалған Әтен елге келген соң қолына күрек пен кетпен алып ауыл шаруашылығын көтеруге, тың және тыңайған жерлерді игеруге ат салысады. Оның соғыста көрсеткен ерлігі мен бейбіт өмірдегі жемісті еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ұл-қыздарының айтуынша, жеңісті жақындатуға қосқан айрықша ерлігі үшін ақсақал бірнеше орден және медальдармен марапатталған.

Өкініштісі неміс фашистерімен жойқын соғыста ерліктің үлгісін көрсетіп, ел қорғаған, әділдігімен, еңбексүйгіштігімен ел есінде қалған ержүрек жауынгер ағамыз бүгінде ортамызда жоқ. Бірақ оның ұрпаққа қалдырған өнегесі, отансүйгіштік  қасиеті мен туған жерге деген махаббаты қаһармандылық рухтың белгісі болып қала береді.

Айжан Ермекқызы

«Оңтүстік Рабат», №19, 13.05.2015