Еліміздің білім жүйесіне Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағының енгізілгеніне 11 жыл болды. 2004 жылы басталған ҰБТ бүгінге дейін біршама өзгерістерге түсті. Тест сұрақтарының саны мен пәндер шегі, сынақ тапсыру мерзімі өзгеріп, ондағы сұрақтардың мазмұнына да алмасып отырды.
Талай уақыттан бері жұртшылық тарапынан қарсылыққа ілініп, бірқатар білім саласы мамандарының сынына ұшырап келе жатқан ҰБТ тек мектеп бітірушіні ғана емес, сонымен қатар ата-ананы, мектеп мұғалімдерін, тұтас бір қала-ауданның білім бөлімдерін әбігерге салады. Жыл сайын маусым айының алғашқы онкүндігі осы тестілеу төңірегіндегі дау-дамайға толы болады.
Білім сынағынан жоғары балл алған түлек пен жанашырлары қуанышқа кенелсе, өту балын жинай алмаған оқушының ұнжырғасы түсіп жатады.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2004-2014 жыл аралығында барлығы 1 421 099 оқушы ҰБТ тапсырған. Олардың 220 425-і межелі өту ұпайын жинай алмапты.
Қазақстандық саясаттанушылардың бірлесіп шығарған «Коктейль Молотова. Анатомия казахстанский молодежи» зерттеу кітабында ҰБТ тапсырудан бас тартқан, не тестілеуде жоғары оқу орындарына түсуге қажетті өту балын жинай алмаған түлектердің тағдыры жөніндегі мәселе бар екенін алға тартады. Олардың мектеп бітіргеннен кейін не іспен айналысатыны туралы сұрақтың ашық күйде қалып отырғанын айтады.
Расында да, жауапты сынаққа қатысудан бас тартқан, не өту балын жинай алмаған жастарға қандай іспен айналыспақ керек?
Бүгінде ел арасында «ҰБТ-ға қатыспау, не төмен балл жинап қалу – жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, жастың өз мүмкіндіктеріне жаңаша қырынан қарауына итермелейді» деген түсінік те қалыптасты. Тест тапсырмаған, не межелі өту балын жинамаған жастар жоғары оқу орнында білім алу түсінігінің аясында қалып қоймай, өз өмірін өзі жасауға ұмтылады. Аз уақыт ішінде түрлі кәсіп үйренеді. Шағын, не орта кәсіппен шұғылданады. Өмірге тез араласып кетеді. Оларға өмір ағынымен қатар жүзу үшін қандай жағдайлар бар екенін саралап өтсек.
Біріншісі, әрі жиі кездесетіні, ол – жекеменшік жоғары оқу орындары, не колледж, не кәсіби-техникалық оқыту орталықтарына түседі. Қазір «ҰБТ-ға қатыспаған, ҰБТ-дан өту балын жинай алмаған мектеп бітірушілерді оқуға қабылдаймыз» деген жарнамалар шығып жатыр. Жастардың дені осындай оқу орындарына таңдау жасайды. Көп ретте сырттай оқу бөліміне тапсырады.
Екіншісі, әскерге бару. Олар мектеп бітірген жылы, не содан бір-екі жыл өткенде ел алдындағы азаматтық борышын өтеу үшін әскерге алынып, бір жылда әскери билетімен оралады. Осылайша, тезірек жұмыс тауып кетуге тырысады.
Үшіншісі, шетелдік жоғары оқу орындарына құжат тапсыру. Әлемдік саяси аренада көп векторлы саясат ұстанған Қазақстан Республикасының дүниежүзінің қай түкпіріне болмасын, өз азаматтарының баруына жолы ашық. Сәйкесінше, біздің елдің азаматтарын шетелдік жоғары оқу орындары да өздеріне еш саяси кедергісіз оқуға қабылдайды.
Ең бастысы, халықаралық тілдерді білсе болғаны. Мұндайда еліміздің жастары алдымен тіл үйрену курстарында шет тілін меңгеріп, ақылы, не гранттық негізде өзге елдің жоғары оқу орындарына оқуға қабылданып жатады. Шетелдік университеттердің бір артықшылығы, олар ҰБТ сертификатын сұрамайды. Өздерінің оқуға қабылдайтын арнайы талаптары бар.
Төртіншісі, түрлі қысқа мерзімді кәсіби оқыту курстарын тәмамдап, жеке кәсіп ашу. Не болмаса, әуел бастан ебі бар, ыңғайлы келетін саланың бірін таңдап, сол бойынша өз ісін бастап, кәсібін дөңгелету.
Елімізде ҰБТ-ға қатыспаған, не болмаса шекті балын жинамаған жастарға жоғары оқу орындарында білімін жалғастырудан өзге басқа да толып жатқан амал-тәсілдер қарастырылған. Соңғы уақытта статистикалық деректер, жоғары және орта арнаулы оқу орындарын тәмамдаған мамандардың ара қатынасында сәйкессіздік бар екенін алға тартады. Жоғары білімі жөнінде диплом ұстағандардың барлығы бірдей жұмысқа орналасып жатқан жоқтығын, екі қолға бір күрек таппай жүргенін көрсетеді. Бұған біздің университет-терімізде беріліп жатқан білім сапасының нарық талаптарына сай келмей жататыны да себеп.
Құрметті жас, әрдайым есіңде ұста, ҰБТ сынағы ешқашан да өмір сынағы бола алмайды. Өмір жолы ҰБТ-мен тоқтап қалмайды. Өз өміріңді өзің жасаудың ҰБТ-дан бөлек қаншама басқа да жолдары бар. Бастысы, алға ұмтыл және еңбектен!
Дайындаған – Жәнібек Нұрыш
«Оңтүстік Рабат», №23, 10.06.2015