Қайырымды жандар балаларға қамқорлық жасады

496

Жақсылыққа жол сілтейтін Ораза күллі мұсылман жамағатына жүктелген бес парыздың бірі екені белгілі. Дәл осы мүбәрәк айда барлығы сауапты істің басы қасында болуға асығады. Өйткені бұл — мейірім айы, кешірім айы. Алғаш болып жомарттық танытқандардың бірі Машат шатқалындағы «Самал» лагерінен табылды.

003

Мұнда облыстағы 5 балалар үйінің және «Бауыржан» отбасылық негіздегі балалар ауылының тәрбиеленушілері үш ай бойы тынығады. Қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келген мерекеде иманды жандар ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға спорттық құралдарды да тарту етті.

Машат тау шатқалында сап түзеген 300-ден аса бала — Арыс, Сайрам және Төле би ауданындағы балалар үйлерінің тәрбиеленушілері. Енді олар табиғат аясында орналасқан «Самал» лагерінде жаз бойы денсаулықтарын сауықтырады. Лагердің ашылу салтанатына арнайы келген қонақтар балаларға сыйлықтарын да ала келіпті.

Раис Қараибрагимов лагерге осыдан бір апта бұрын келіп, балаларға не қажет екендігін анықтаған. Спорт құралдары артық етпес және де балалардың шынығуына әсері мол дейді кәсіпкер.

Раис Қараибрагимов, кәсіпкер: «Қасиетті Ораза айында сауапты іс жасауды ұйғардым. Спорт құралдарымен ойнаған балалардың денсаулығы мықты болады. Қазақстанның белгілі спортшылары болсын. Игі бастамамды жомарт азаматтар жалғастырады деген ниеттемін.»

Коммуналдық меншікте жалғыз қалған «Самал» лагерінде өңіріміздегі 5 балалар үйінің 300-ден астам тәрбиеленушісі демалуда. Олардың жақсы тынығуына осындағы тәрбиеші аналар қолдарынан келгенін аянбауда.

Шынар Оразова