Қазақ ауылы әлі әлемді асырайды

Кешегі өткен Кеңес дәуірінде қазақ жерінде жайқалып өскен ақ бидайымызды ерекше мақтан тұтушы едік. Жыл сайын миллиард пұт астық беретін Қазақстанның мәртебесі шынында да асқақтап тұрды.

Алматының апорт алмасының даңқы да жер бетін шарлап жүретін. Ежелден мал шаруашылығымен айналысқан қазақ халқы еттен де елді кенде қалдырмаған.

Студенттік кезімнен есте қалып кеткен бір көрініс – Шымкентте өндірілген, бірақ бұл жерде қанша іздесе де табылмайтын консервіленген сиырдың бұқтырылған етін Мәскеу төрінде қуырылған ыстық картоптың бетіне жиі салып жейтінбіз. Қызылорданың күріші мен Сырдың сансыз балығы бүкіл Одақ деңгейінде үлкен сұранысқа ие болатын.

Бізге сол кезде Қазақстаннан өзге жерде ауыл да жоқ, еңбекқор шаруа да жоқ болып елестейтін. «Кіндігімнің жас қаны тамған жерім ауылым» бүкіл әлемді асырауға қауқары жететіндей күй кешетінбіз. Иә, ана сүтімен бойымызға сіңген ауыл атты қасиетті ұғымды қанша қастерлесек те, артықтық етпейтіні ақиқат қой.

23-007

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы дағдарыс ауылдың шырайын біршама бұзып кеткені баршаға мәлім. Бірақ, «орнында бар оңалар» дегенді алға тартып, «ауыл аймағымен, бота тайлағымен» болатынын ұмытпаған еліміз, ауылдың асыраушы екенін тағы бір еске түсіріп, мемлекет деңгейінде егін шаруашылығы мен мал шаруашылығына ден қойып, ауылды аяқтан тік тұрғызатын бағдарламалар түзіп, шаруаларға жәрдем жасап, базарларымыз бен дүкендерімізге көкөніс пен жеміс-жидекті, ет пен құс өнімдерін толтырып тастады. Қарын да тоқ, көңіл де көк! Енді оның бағалары шамалы болса да, төмендей бастаса, ешкімнің бұдан басқа арманы қалмас па еді?!

Ал, бағаларға өкпе болмау керек сияқты. Өйткені, ОҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қанатбек Оспанбеков ауылшаруашылығы дамуына және 2015 жылдың қаңтар-сәуір айларының қорытындысына арнаған баспасөз мәслихатында: «Бағаны нарық белгілейді», – деді. Бірақ, нарықты да ырқына жібермей, қолдан келгенше оны реттеп отыруға болатынын назардан тыс қалдырса керек. Әйтпесе, дихандар мен малшылардың өздеріне өз өнімдерін сатуға мүмкіндік беріп, қолдарына қажетті құжаттарды ұстатып, делдал қызметінен бас тартатындай жағдай жасап қойса, бағалар да төмен ұмтылар еді ғой?!

Осы орайда, апта сайын облыс орталығындағы Әл Фараби алаңында өтетін ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін үлгі ретінде келтіруге болады. Бастапқыда делдалсыз сауда негізіне айналады деген бұл жәрмеңкеге облысымыздың аудандарынан шаруалар келуді қойды десек те болатындай. Олардың орнын «Қырғы» базарда немесе өзге базарларда арнайы нүктесі бар саудагерлер «жәрмеңкеде сауда қызады» дегендей, қолдарындағы өнімдерін әкеліп сатып отырады. Содан баға қалай өзгерсін?!

Оған қоса, дихандарымыз бен малшыларымызға саудамен айналысуға арнайы рұқсат немесе лицензия беруге әкімдіктің қауқары жетпей отыр. Бірі екіншісіне сілтеп, мәселені байыпты түрде шешетін ешкім табылмаған соң, бар өнім қайта саудагерлер мен делдалдардың қолына өтіп, баға өскен үстіне өсе түсуде.

23-008

Кешегі өткен демалыс күндері қаланың бірқатар базары мен орталықтағы жәрмеңкені арнайы аралап көрдік. Сондағы байқағанымыз, сатылып отырған ауылшаруашылығы өнімдері бағаларының арасында айырмашылық жоқ болып шықты.

Мәселен, 1 литрлік ыдыстағы пісте майы жәрмеңкеде де, базарларда да 250 теңге болса, оның 5 литрлігі 1200 теңгеден сатылды. Сол сияқты, лимонның бағасы да барлық жерде бірдей – әр данасы 100 теңге. Бір келі қазы 1600-1700 теңгеден сатылса, сазан балығының әр келісі 500 теңгеден төмен түскен жоқ. Осыдан барып жәрмеңкенің әу-бастағы атқаратын рөлі қалмаған екен ғой деген тұжырымға келдік. Сатылымдағы еттер күнге быжып, үстіне шаң-тозаңмен бірге шыбын қонып жатқанын да көрдік. Ет сатып отырған саудагерлер оның сапасын сақтап қаламыз деп, бетін дәкемен жауып әлек боп жатады.

Өйткені тоңазытқыш атымен жоқ. «Таңның атысымен күн ысып келе жатыр, мына еттеріңізге кепілдік бересіздер ме?» деген сауалымызға аты-жөнін атағысы келмеген сатушы бір әйел: «Қам жемеңіз, бәрін тоңазытқыштан алып келдік!» – деп жауап қайырды. Ал, ол тоңазытқышының қайда орналасқанын айтпады. Бір айта кететін нәрсе, Дулати көшесіндегі «Қазыбек» базарында тоңазытқыштың жоқтығына байланысты болу керек, жылқы еті мен сиыр еті сатылып тұрған жоқ-тын. Қажет болса, оларды арнайы тапсырыспен ғана алып келеді екен. Және бұл базардың бағалары өзге базарларға қарағанда, біршама төмен болып шықты, онда да көтерме сауда жасайтын болса.

Енді бірталай мәселенің бетін ашқан Қанатбек Оспанбековтың баспасөз мәслихатына қайта оралайық. Басқарма басшысынын мәліметінше биыл өңірде ауылшаруашылығы өнімдері 60 миллиард теңге көлемінде өндірілген (бұл өткен жылғы көрсеткіштен 13 миллиард теңгеге артқан). Яғни, ауылшаруашылығының барлық бағытында ауыз толтырып айтарлықтай өсім бар.

Жылыжай көлемі жыл сайын 200 гектарға ұлғайғанын мақтанышпен айтқан сала басшысы, оның жалпы көлемінің мың гектарға дейін жуықтағанын тілге тиек етті. Биылғы бес ай ішінде «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 7761 ірі қара мал басы, «Асық ата» бағдарламасы бойынша 13025 уақ мал басы және «Құлан» бағдарламасы бойынша 1451 бас жылқы қосымша алынып, мал шаруашылығын тіктеуге орасан зор ықпал жасалғаны да айтылды.

Бұл ет пен сүт және жұмыртқа өндірудің едәуір артқанының негізі болды деуге келеді. Дихандарға да су тапшылығын көрмейтін жан-жақты жағдай жасалған. Суармалы жер көлемін 292 мың гектарға арттыру көзделіп отырғаны айтылып, бұл мәселені шешу үшін Бәйдібек және Түркістан аудандарындағы су қоймаларының мүмкіндіктері пайдаланылатын болды. Осы ретте тамшылатып суару, терең қопсыту әдістері де көп мәселенің басын ажыратуда.

23-009

Жалпы облыс тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін 60 мың тонна ауылшаруашылығы өнімдері жеткілікті. Ал, облыс шаруаларының өндірген өнімдерінің көлемі 70 мың тонна болып отыр. Яғни, осы қарқынды алдағы уақытта да сақтайтын болсақ, болашақта бүкіл Қазақстан жұртшылығын бір облысымыздың өзі қамтамасыз етуге шамасы жететін сияқты.

Дайындаған – Әсет ӘССАНДИ

«Оңтүстік Рабат», №23, 10.06.2015