Мал шаруашылығын жандандыру мақсатында өңіріміздің шаруалары «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 8 мың бас ірі қара мал, «Асық ата» бағдарламасы бойынша 1300 ұсақ мал, «Құлан» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1500 жылқы сатып алды. Сонымен қатар қала-аудандарда құрылған селолық тұтыну кооперативтері бұл саланы дамытуға мол мүмкіндік бермек.
1990-2012 жылдар аралығында Қазақстанда әр түрлі санаттағы шаруашылықтарда ірі қара мал басының жалпы саны 9,5 миллионнан 5,5 миллионға азайған. Ірі қара басының айтарлықтай бөлігі, яғни, 77,5 пайызы жұртшылықтың жеке қосалқы шаруашылықтарында шоғырланған. Республикадағы ірі қара санының азайып кетуіне ең алдымен ұжым мен кеңшарлардың тарап, орнына жаңа шаруашылықтар түрлерінің пайда болуы негіз болған дейді ғалымдар.
Болатхан Махатов, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор: «Экономиканы нарықтың өзі реттеуде. Бүгінде ұсақ шарушылықтар бірікпесе, мал шаруашылығын дамыту мүмкін емес.»
Аудандарда құрылған селолық тұтыну кооперативтері жақсы жұмыс жасауда дейді сала мамандары. Асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын шаруашылықтардың қатары жыл сайын толығуда. Сайрам ауданындағы «ЕтАгроМанкент» серіктестігі ірі қара малды бордақылаумен айналысады.
Жамалбек Ұтаев, «ЕтАгроМанкент» ЖШС төрағасы: «Өгіздерді Солтүстік Қазақстаннан сатып аламыз. Біздің климатқа жақсы бейімделген.»
Мал шаруашылығын дамыту мақсатында республикада «Сыбаға», «Асық ата», «Кұлан» бағдарламалары қабылданған. Бұл бағытта өңірлік бағдарламалар да тиімді жұмыс жасауда.