«Ешбір маман жұмыссыз қалмайды»

Мұрат Әбенов, «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы үйлестіру кеңесінің төрағасы
Мұрат Әбенов,  «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы үйлестіру кеңесінің төрағасы
Мұрат Әбенов,
«Серпін-2050» әлеуметтік жобасы үйлестіру кеңесінің төрағасы

– Мұрат Абдуламитұлы, біздің өңірге қош келіпсіз. Іссапарыңыздың мақсатынан хабардармыз. Ол – «Серпін-2050» әлеуметтік жобасын насихаттау. Осы ретте жобаның талаптары туралы бүге-шүгесіне дейін білсек дейміз. Талаптар, ережелерінде өзгеріс бар ма?

– Мен еліміздің көп жерінде жиі іссапармен жүремін. Мақсат – жобаны насихаттау. Халық тарапынан ««Серпін-2050» жобасының негізі неде?» деген сауал жиі қойылады. Сондықтан да алдымен жобаның негізіне тоқталып өтсем. Алдымен экономикалық тұрғыда айтар болсам, елімізде завод-фабиркалардың саны артып келеді. Әрине, ел экономикасының дамуына олардың қосар үлесі зор. Бірақ, онда жұмыс істейтін білікті маман болмаса, өндіріс орындарының пайдасы қанша? Соңғы статистикалық мәліметке сүйенер болсақ, республиканың 8 облысында кей мектептер мен балабақшалар бос тұр. Мәселен, бір ғана Шығыс Қазақстан облысында бұрындары 10 мың бала білім алса, қазір олардың саны 7 мыңға әзер жетеді. Себеп – белгілі. Халық саны азайып барады. Бұл өңірлерде жұмыс көзі болғанымен, еңбек күші тапшы. Сәйкесінше, елдің ОҚО, Жамбыл, Қызылорда, Алматы және Маңғыстау сынды облыстарында туу көрсеткіші жоғары. Кей жерлерде оқушылар үш мезгілде білім алуда. Жоғары не орта арнаулы оқу ордаларында ақылы білім алған күннің өзінде жұмыс таппай жүргендер баршылық. Яғни, дипломы болғанымен, екі қолға бір күрек таппай жүргендер саны қаншама. Осы жайтты ескере отырып, мемлекет «Серпін-2050»-ді қолға алды. Жобаның талаптары өзгере қойған жоқ. Биыл да құжаттар былтырғы жылдың ережесіне сай қабылданады. Жобаның интернет ресурсында мамандық атаулары мен оқу ордаларының мекен-жайы жазылған. Сондай-ақ серпіндіктердің 2014-2015 оқу жылындағы жағдайы туралы да ақпараттармен танысуға болады.

Биыл жоғары оқу орындарында білім алушылар үшін грант саны былтырғымен салыстырғанда 5 есеге дейін көбейді. Себебі былтыр конкурста бір орынға 5 талапкер талас-ты. Биыл жастардың 19 жоғары оқу орнында тегін білім алуына мүмкіндік бар. Гранттар мына мамандықтар бойынша бөлініп отыр: 3 мың мамандық техникалық, 1,5 мың педагогикалық, 300 – ауылшаруашылық, 200 – ветеринария саласы бойынша. Ал колледждерде білім алуға 1200 орын қаралды. Өткен жылы колледж-де ер балаларға тән мамандыққа грант көбірек бөлінген болатын. Биыл олардың қатарына қыздарға арналған дизайн, байланыс, мейрамхана бизнесі секілді мамандықтар қосылды.

25-004

 

Мен айтар едім, «Серпін-2050»-дің екі пайдасы бар. Бірі жоғарыда атап өткенімдей экономикалық, екіншісі – әлеуметтік. Жоба бойынша білім алған судент жұмыссыз қалмайды. Әрине, егер оқыған өңірде жұмысқа қалмаймын десе, өз еріктері.

Серпіндіктерге көрсетілетін қолдау сол қалпынша. Жоғары оқу орнында оқитындарға ай сайын 16 500 теңге, ал колледж студенттеріне 13 500 теңге стипендия беріледі. Барлығы да тегін жатақханамен, жолақымен, жылына екі рет ауылына барып қайту үшін қаржылай көмекпен қамтамасыз етіледі. Оған қоса колледж студенттеріне тәулігіне үш мезгіл ыстық тамақ беріліп, қыстық киімі үшін әр студентке 64 мың теңге бөлінеді.

– Жобаға кімдер қабылданады?

– Мектеп бітірген, ұлттық бірыңғай тестілеуде шекті балл жинай алған түлек жобада қарастырылған кез-келген жоғары оқу орнына түсу конкурсына қатыса алады. Ал егер оқу ордасын осыдан бірнеше жыл бітірген болса, онда құжат тапсырушы кешенді тестке қатысуы тиіс. Колледжге түскіңіз келсе, ұлттық бірыңғай сынақтағы тест қорытындысы маңызды емес. Орта білімді растайтын аттестатпен құжаттар қабылдана береді. Тек колледжерге 9-сыныпты бітірген түлектер қабылданбайды. Себебі олар әлі жас, отбасынан жырақта білім алу олар үшін қиынға соғуы мүмкін. Ерекше айта кетерлігі, студенттердің жас ерекшелігіне шектеу жоқ. Мәселен былтыр жасы отызға келгендер де колледжге оқуға түсті.

– Ал қолында дипломы барлардың тегін білім алуына мүмкіндігі бар ма?

– Әлбетте, оған ешқандай шектеу жоқ. Ол жас мамандық таңдарда қателескен болуы мүмкін. Енді жан қалауымен қайта қадам жасағысы келетін шығар?! Біз осы жайтты да назарға алдық. Бастысы, талаптарды орындаса болғаны.

– Айтпақшы, конкурста ауылдық квота беріле ме? Сондай-ақ, абитуриенттің спорттық, ғылыми бағыттардағы жетістіктері ескеріле ме?

– Былтыр оқуға түскен жастардың 85 пайызы көпбалалы отбасылардан шыққандар. Ал 83 пайызының әлеуметтік жағдайы төмен. Міне, көрдіңіз бе, біздің жоба әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан балалар үшін үлкен көмегін тигізуде. Сондықтан да талапкердің әлеуметтік статусы, спорттық не ғылыми жобалардағы жетістіктері ескерілмейді. Өйткені біз үшін барлық бала бірдей. Ондай жеңілдіктер рес-публика төңірегінде өтетін конкурс-тарда назарға алынады. Ауылдық квота бойынша да жағдай дәл солай.

– Әлі есімізде, былтыр грантқа ие болғандар оқуға аттанарда серпіндіктер мемлекет назарында болатынын айтып едіңіз. Оларды бақылау жұмыстары қалай жүргізілді? Ол жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба ма?

– Бірінші кезекте, оқу ордаларының басшылығымен тығыз байланыстамыз. Сондай-ақ, барлық әлеуметтік желілерде біздің арнайы парақшамыз бар. Сол арқылы серпіндік жастар сауалдар қойып, оған жауап алып жатады. Жоба аясында оқуға түскендермен тығыз байланыс орнату үшін «Вконтакте» желсіне де өзім тіркелдім. Бүгінде жеке өзіме сұрақтар қоятындар көп. Барлық сауалдарға жауап беріледі. Бұл да бақылаудың, олардың тіршілігінен хабардар болудың бір жолы.

Жоба былтыр алғаш рет қолға алынған соң ұйымдастыру жұмыстарын жүргізе алмаған, шағым көп түскен оқу орындары болғанын жасырмаймын. Нәтижесінде 4 колледж басшысы жұмыстан кеткен. Биыл ондай келеңсіздіктердің орын алмайтынына сенімдімін.

25-003

 

Біз тек қана оқыту емес, ұйымдастыру-тәрбие жұмыстарымен де айналысамыз. Былтыр екі рет «Аламан» атты фестиваль өткіздік. Мақсатымыз қай өңірден болмасын білім алуға келген жастарды бір отбасының балаларындай етіп тәрибелеп, бауырмалдылығын арттыру. Шүкір деп айтайын, серпіндік студенттер әзірге бізді ұятқа қалдыра қойған жоқ. Қайта керісінше, оқу ордаларының басшылығы біздің жастардың бауырмалдылығына, алғырлығына, белсенділігіне таң қалып, тіпті мақтап отырады. Жақында ғана іссапармен Қарағанды облысында болдым. Еліміздің Білім және ғылым министрі, сол өңірдің облыс әкімі және мен студенттердің жағдайымен таныстық. Құрылыс саласының болашақ мамандарын даярлайтын оқу ордасының жанында осы саламен байланысты үлкен мекеме бар екен. Студенттер күндіз білім алып, аталған мекемеде тәжірибеден өтеді. Құрылыс мекемесінің басшылығы біздің жастардың білімге деген ынтызарлығына қызыққан болса керек, «студенттер күндіз білім алсын, ал түстен кейін менің қол астымда жұмыс істесін. Әрі үйренеді, әрі жалақы алады» деп ұсыныс айтты.

Үміт артып отырған жастарымыз туралы мақтау сөздер есту – бізге де үлкен қуаныш. Әрине, мемлекет үшін жас маманның білім алған өңірінде тұрақты жұмысқа қалғаны тиімді. Қаламын деушілерге мемлекет жұмыс көзін тауып беріп қана қоймай, оларды баспанамен қамтуды өз мойнына алады.

– Былтыр оқуға түскендердің арасында жаңа ортаға бейімделе алмай, оқуын тастағандар болды ма?

– Оқу жылының қақ ортасында кетіп қалды дей алмаймын, бірақ алғашында жоба бойынша өзге аймақта оқуға бел буып, кейін түрлі себептерге байланысты оқуға келе алмағандар бар. Бірі жүрексінді, енді бірі өзге оқу орнын құп көрді. Мұндай балалар саны 40-қа жуық. Бәрінің де орны оқу жылының басында толтырылды.

– Әлеуметтік жоба тегін білім алып қана қоймай, тамақ, жатақхана, тіпті киім-кешекпен де қамтиды дедіңіз. Әрине, көпбалалы отбасылар үшін таптырмас қолдау. Осы ретте алмақтың да салмағы бар деген еске түсіп отыр…

– Сұрақтың төркінін түсініп отырмын. Біздің жоба бойынша оқуға түсіп, маман атанған жас өзі білім алған өңірде қалуға міндетті емес. Ел болған соң кейде теріс ақпарат тарайды. «Мемлекет тегін білім алуыңа жағдай жасаған соң сонда қалуға міндеттейді екен» немесе «ұсынған жұмыс орнында қалмасаң, шығынды мемлекетке қайтаруға тиіс екенсің» дегендерді де естідік. Бірақ, бұл шындыққа жанаспайды. Мемлекет жастардың тегін білім алуына жағдай жасау мақсатында осы жобаны қолға алды. Елімізге сіздің ақшаңыз емес, білікті маман болуыңыз қажет. Білікті маман – елдің болашағы. Меніңше мұндай таңсыз пікірлер ақылы оқу ордалары тарапынан шыққан сияқты. Не дегенмен бәсекелестік деген бар емес пе? Сондықтан да ата-аналар мен түлектерге жоба туралы кеңінен танысып-білуін, өзгенің пікіріне еріп, тегін білім алу мүмкіндігінен қол үзіп қалмауларын сұраймын.

– Соңғы сұрақ, болашақ серпіндіктерге айтарыңыз бар ма?

– Біз былтырғы жылдың қыркүйек айында серпіндік студенттер арасында сауалнама жүргізген едік. Нәтижесінде олардың тек 36 пайызының ғана ары қарай оқуын жалғастыруға дайын екені белгілі болды. Алғашқы семестр аяқталып, жастар ауылдарына барып келген соң олардың 70 пайызы оқуын жалғастыру былай тұрсын, тіпті сонда тұрақты жұмысқа қалуға әзір екенін жеткізгенде біз таң қалдық, әрі қуандық. Өйткені жобаның мақсаты да сол еді. Әрине, бәрін уақыт шешеді.

Егер ұлттық бірыңғай тестілеудегі көрсеткішіңіз төмен болса, осы бас-тан құжаттарыңызды колледжге тапсырғаныңыз абзал. Өйткені орта арнаулы оқу орнына берілетін грант саны шектеулі. Уақыт созбай, тегін білім алу мүмкіншілігін жіберіп алмау қажет.

Былтыр «5-10 теңге берсең, грантқа түсіріп беремін» деп ортада делдалдар жүріпті. Ондай жайтқа тап болсаңыздар бізге хабарласыңыздар. Сонымен қатар «whats up» деп аталатын әлеуметтік желі күндіз-түні қосулы тұрады. Осы ретте сіздердің газеттеріңіз арқылы бізді 8-701-515-20-50 нөмірі бойынша табуға болатынын айта кетейін. Айтпақшы, ЖОО-на құжаттарды қабылдау 23 шілдеде басталады. Конкурс қорытындысы 10 тамызда белгілі болады.

Бастысы, мамандық таңдауда қателік жасамаған абзал. Осы ретте мына бір жайт есіме түсіп отыр. Жуырда біз қолында дипломы бар, бірақ жұмыссыз жүрген оңтүстікқазақстандық жастар арасында зерттеу жүргіздік. Бір қызығы, олардың 78 пайызы мамандықты ата-ананың қалауымен таңдаған болып шықты. Бұл нені білдіреді? Әлбетте мамандық таңдауда үлкен қателік жіберілуде. Бізде 500-ден астам мамандық бар. Ата-ана оның тек 200-ге жуығын білетін шығар. Сол себептен де құжат тапсырушы әрбір жас мамандық таңдарда қателеспесе екен тілегім бар.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен – Жансая Тәуекелқызы

«Оңтүстік Рабат», №25, 24.06.2015