«Шымкент қаласы әкімінің кубогы» жүлдесіне арналған турнирді тамашалаушылардың қатарында Ғалым Кенжебаев та болды. ҚР Жастар құрамасының аға бапкері шәкірттерінің талабын аңдап, көрген-түйгендерін қағазға түртіп отырғанын байқадық.
Ғалым Кенжебаев – қазақ боксының мақтанышы Геннадий Головкинді тәрбиелеген білікті маман. Осы ретте талай жастарды боксқа баулып, жаттықтырып жүрген аға бапкерді әңгімеге тартып, Геннадий Головкиннын Вилли Монромен өткен айқасы жайында пікірін білдік. Сондай-ақ Ұлттық құрамаға алынып жатқан жас дарындардын әлеуметті жайымда сұрадық.
– Қала әкімінің кубогын жергілікті азаматтар жоғары деңгейде ұйымдастырды. Оқшауланған жастардың бірқатарын түртіп алдым. Осындай жарыс көп болғаны бізге де жақсы. Бұл – тәжірибе алаңы. Мұнда келген мақсатым да осы.
Көзге түскен жастың бірі – шымкенттік Сәкен Бибосынов. Қарағандыдан келген Мадияр Зәкеновтың да болашағы зор. Бибосынов таяуда Ресейдің Анапа қаласына барып, жеңімпаз болып қайтты. Негізінен, Азия, әлем біріншілігі келесі жылы өтеді. Бұйырса, алдымызда тағы біраз жарыстарға қатысамыз. Солардың бірі Сербия, Германия, Әзірбайжанда өтетін дәстүрлі турнирлер. Қытайда жаттығу өткізу де жоспарда бар.
Биылғы ірі турнирлердің бірі Анапада өткен дәстүрлі жарыс «Кіші әлем біріншілігіне» баланып жүр. Біз онда үш алтынмен командалық есепте Куба, Ресейден кейін екінші орын алдық. Сәкен Бибосыновтан бөлек, Сабыржан Әбілов, Әбілхан Аманқұл чемпиондық тәжбен оралды.
– Өткен жылы да жеңісті сәттер көп болды. Жас дарындар Болгариядағы әлем чемпионатынан, Олимпиада ойындарынан алтынмен қайтты…
– Былтыр өте жақсы нәтижеге жеттік. Азия біріншілігінде алты алтынмен бірінші орын, әлем чемпионатында екі алтын, екі күміспен бірінші орын бұйырды. Әлем бірінішілігіне жүз он мемлекеттен алты жүзден астам боксшы қатысты. Осындай маңызды жарыста командалық есепте бірінші орын алуымыз – бұл тарихи жеңіс. Куба, Ресей командаларын да артқа тастадық. Аян Қалыбеков те әлем чемпионы болар деп ойлағанбыз. Ол ирландиялық қарсыласынан жеңілмеген еді. Бұл менің ғана емес, Олимпиадалық даярлау орталығының басшысы Ермахан Ыбырайымовтың, ҚР мемлекеттік жаттықтырушы Болат Манкеновтың, Юрий Цхай мырзанында ойы.
Олимпиада ойындарынының нәтижесіне де көңілім тоқ. Бір алтын, бір күміске иелік еттік. Бұл – командалық екінші орын. Негізі, екі алтыннан үмітіміз болған. Шалқар Айқынбай да алтынға лайықтылардың бірі еді. Жартылай финалда Әзірбайжан боксшысынан жеңілген жоқ. Бізден үш боксшының финалға шығатынын көпсінген болу керек… Ал Әзірбайжан құрамасының сол бір ғана өкілі қалған. Меніңше соңғы екі жекпе-жегін де төрешілер бұра тартты. Үшінші орынға таласта жапон боксшысын да басым түспесе, жеңілген жоқ. Оны әлем біріншілігінде ұтқанын білесіздер. Осы жолы да таза жеңді. «Бітті, үшінші орын бұйырды» деп өзіміз қуанып отыр едік. 2:1 есебімен тағы да жеңісті қарсыласына беріп жіберді. Әйтеуір, бір алтын олжалап, абыроймен қайттық қой. Кейбір кезде ол да бұйырмауы мүмкін.
– Ереже бойынша Олимпиадаға үш бокс-шы ғана қатысуы тиіс. Әлем біріншілігінің жүлдегері Сұлтан Зауырбектің де Қытайға баруға мүмкіндігі болған. Неліктен таңдау Вадим Казаковқа түскенін ашып айтып кетсеңіз..
– Казаков — ауыр салмақтың боксшысы. Ал елу алты келіде бәсекелестік мықты екендігін ескердік. Сұлтанды алтыннан қаққан кубалық Хавьер Ибанез «Ең үздік боксшы» атағын жеңіп алды. Одан басқа да мықтылар көп. Жастар арасында рейтинг деген жоқ. Жеребе қандай болатынын білген жоқпыз. Жалпы, жастар сапында ауыр салмақтағы боксшылардың кейбірі жақсы, кейбірінің тәжірибесі аз болатынын ескеру керек.
Казаков әлем біріншілігінде болгар боксшысын жеңген сияқты көрінді. Олимпиада ойындарында тағы да жеңілген жоқ. Екінші, үшінші раунд бізге берілуі тиіс еді. Тура Болгариядағы жағдай қайталанды ғой.
– Жастар сапында барлық жүлдеге иелік еткен Абылайхан Жүсіпов ересектер құрамасына ауысып үлгерді…
– Абылай қазір Мырзағали Айтжанов бастаған ұлттық құрамамен бірге Беларуссиядағы жарысқа барып қайтты. Оның ересектер арасында да жақсы нәтиже көрсетуіне барлық мүмкіндігі бар. Техникалық арсеналы бай. Тәрбиесі қандай тамаша. Еңбекқорлығы да басым. Өзінің ауылдас ағасы Серік Сәпиев сияқты боламын деп тер төгіп жүр.
– Сіздің мақтан тұтар шәкіртіңіз Геннадий Головкин Вилли Монроны да алтыншы раундта сұлатып салды. Жеңіс құтты болсын! Бәсеке неліктен алтыншы раундқа дейін созылып кетті?
– Рахмет! Бірге болсын! Меніңше, жоспар сондай болған. Жекпе-жекке келісім бергендіктен ғаламтордан қарап, Монроның қандай боксшы екенін зерттедім. Солақай екенін, аяқта жақсы жұмыс істейтінін білдік. Гена ондайлармен бұрын да бокстасқан. Оның бір ерекшелігі — соққысы ауыр. Кездеспеген боксшылар оны білмейді. Шаршы алаңға шыққанда ғана түсініп жатады көбісі.
Жалпы, жекпе-жекті қай раундта аяқтау ол Генаның өзіне байланыс-ты. Қай раундта бітіргісі келсе, сол уақытта мәселені шешеді. Бұл жолы да бесінші, алтыншы раундтардан ұзай қоймайтынын білгенмін.
– Таяуда «ғасыр жекпе-жегі» аталған Мейвезер мен Пакьяо арасында бәсеке өтті. Сіздің ойыңызша кім жеңді?
– Мейвезер жеңді. Мен ғаламтордан тікелей көрдім. Мейвезер Пакьяоға ештеңе істеткізбей алдап кетті. Пакьяо да бұрынғы қарқынындай айқасқан жоқ. Бұрын сол қолымен тіке соққыларын жаудыратын. Оскар де ла Хойямен өткізген жекпе-жегінде әдемі бокс көрсетті. Хаттон, Майдананы ұрып соққан. Бұл жолғы кездесу іш пыстырарлықтай өтуі екеуінің де мықтылығынан. Өздерінің мәнері осындай болғандықтан жанкүйерлерге қызық емес. Мен де солай болады деп ойладым. Майвезер ешқашан ашық жұдырықтасқан емес. Қорғанысы өте жақсы.
– Мейвезер Генамен кездесуі мүмкін бе?
– Мейвезер Мұхаммед Әли сияқты болғысы келсе, Генамен кездесуі тиіс деп көпшілік айтып та, жазып та жатыр. Меніңше, Генамен кездеспейтін шығар. Келісімін берсе, түрлі қулықтарға баруы мүмкін. Бір жыл созып. Өйткені, оның бар ойлайтыны — ақша. Жанкүйерлердің айызын қандырудан бұрын ақшаны ойлайды. Әрі шоумен. Лақап атын да «ақша» деп бекер қойған жоқ (күліп).
Генаның да өз мақсаты бар. Шәкіртімді осы күнге жеткізген ол қазақ боксының мықтылығы деп білемін. Жас кезінен әлем чемпионаттарына қатысып, шеберлігін ұштады. Ересектер арасында да әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанды. Бір сөзбен айтқанда, тәжірибе жинап, кәсіпқой боксқа дайын болып барды.
Мақсаты да үлкен. Жас кезінен бар жағдайды жасаған қазақ елі үшін ешқашан аянып қалмайтыны анық. Сол себептен Головкин кіммен болса да шаршы алаңға шығуға дайын!
Сұхбаттасқан – Тағабай ҚАСЫМ
«Оңтүстік Рабат», №21, 27.05.2015