Оңтүстік Қазақстанда «Үдемелі индустриалды инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы құны 1,2 трлн теңге болатын жоба жүзеге асып, 33 мыңға жуық жұмыс орындары ашылады. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлік, индустриялды-инновациялық даму және туризм басқармасының басшысы Бауыржан Омарбеков мәлімдеді.
«Оңтүстік» ақпарат орталығында өткен брифингте басқарма басшысы бұл жобалардың жартысына жуығы ауылдық жерлерде жүзеге асырылып жатқанын айтты. Соңғы төрт жылда жалпы құны 184 млрд теңге болатын 137 жоба жүзеге асырылып, 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылды.
Іске қосылған жобалардың нәтижесінде 2014 жылы 56,7 млрд теңгенің өнімі өндірілсе, биылдың 5 айында 24,2 млрд теңгенің өнімі шығарылған. Ал 2008-2014 жылдардағы аймақтар бойынша өңдеу өнеркәсібі өндірісі бойынша Оңтүстік Қазақстан өнім өңдеуден үшінші орынды алып отыр.
‒Индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығында Оңтүстік Қазақстан облысында жалпы инвестиция көлемі 845,1 млрд теңгені құрайтын 104 жобаны іске қосып, 19 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Оның ішінде өңірімізге маңызды жобалар — трактор зауыты, коммуналды және арнайы техника, рентген аппараттары, алюминдік радиаторлар, жоғары сапалы фармацевтикалық бұйымдар мен дәрі-дәрмектер, джинс маталарын шығаратын зауыттар мен фабрикалар, сонымен қатар 2 ірі металлургиялық комбинат, ірі жиһаз фабрикасы, өндірістік майларды өндіретін зауыттардың құрылыстарын жүргізу көзделуде, — дейді Б.Омарбеков.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі