«Білімді маманға сұраныс бар»

Бағдат Бақытжанұлы
Бағдат Бақытжанұлы

Биыл Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтикалық академиясын «фармацевтика» мамандағы бойынша 140 судент бітірді.  Бағдат Бақытжанұлы – солардың бірі. Аталмыш оқу ордасында жан-жақты білім алып,  Чехия, Польша елдерінде  біліктілігін шыңдап келген жас маман ендігі жерде отандық фармацевтика өндірісінің дамуына өз үлесін қоспақ. Осы ретте жас маман алдағы жоспарлары мен шетелдегі сапары жайында бізбен ой бөлісті.

– Бағдат, жалпы фармацевтика саласына қалай келдің? Не себепті осы мамандықты таңдадың?

– Мектеп қабырғасында жүрген кезде басқа пәндерге қарағанда химия пәнін жақсы көріп оқитынмын. Тіпті, дәрі-дәрмектердің құрамы мен сапасына деген қызығушылығым да ерекше еді.  Сондықтан да, 2010 жылы орта мектепті бітірген соң  Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтика академиясына «фармацевтика» мамандығы бойынша гранттық негізде оқуға түстім. 5-жыл бойы академияның білімімен сусындап, енді білікті маман болып түлеп ұшқалы тұрмын. Баса назар аударатыны оқу ордамыз былтырғы жылдан бастап Чехия еліне, ал биылғы жылдан бастап Польша мемлекетіне оқу-танысу тәжірибесі бойынша студенттерді жіберіп отырады. Бұл да болса студенттердің тәжірибесі мен біліктілігін шыңдайтын бірден-бір фактор.

27-006

– Шетелде тәжірибе алмасу, білімін жетілдіру үшін студенттерге қандай да бір талап қойыла ма? Осындай мүмкіндіктер академия студенттеріне бірдей беріле ме?

– Негізі академиялық мобильділік бойынша Чехия, Польша елдеріне біздің студенттердің барлығы бірдей бара бермейді. Оның өзіндік талаптары бар. Ол үшін сабақ үлгерімі жоғары болуы керек. Сонымен қатар, академияның қоғамдық өміріне белсене атсалысатын және ғылыми жұмыстарға ізденістік танытатын студенттерге ғана басымдылық беріледі. Сондықтан, 2 жыл қатарынан Чехия мемлекетіне 2 студент пен 1 оқытушы жіберілді. Ал ағымдағы жылдан бастап келісім-шартқа тұрған Польша елінде 5 студент оқу-танысу тәжірибесінен өттік. Тәжірибеден өту үшін бізге толық материалдық көмек көрсетілді. Ал бару мүмкіндігі тумаған жағдайда студенттерді академиялық мобильділік бағдарламасы бойынша байланыс орнатылған  Ресей Федерациясының Мәскеу, Санк-Петербор, Уфа сынды қаларына да жіберіледі. Сондай-ақ, еліміздің Астана, Алматы және Қарағанды қалаларында да 4-5 курс студенттері өндірістік тәжірибеден өтеді.

– Біліміңді шетелде жетілдіріп келдің. Бұл жағдай сен үшін үлкен қолдау деп айтар ма едің?

– Иә, мен үшін әлемдік деңгейде тәжірибе алмасу зор мүмкіндік деп санаймын.
Мәселен мен сол екі елдің де өндірістік тәжірибесімен таныстым. Нақтырақ айтар болсам, 4-ші курста Чехия Республикасы Брно қаласындағы Ветеринарлық және Фармацевтикалық университетінде, биыл Польшадағы «Польфарма» АҚ компаниясының зауытында өндірістік тәжірибеден өтім. Бұл қолдаулар менің болашақта білікті маман болып шығуыма зор септігін тигізеді деген ойдамын.

– Сол елдерден бізге қандай жаңалық алып келуге болады екен?

– Жалпы зауыттың құрылысымен толық танысып өттік. Дәрілерді өндірудегі бастапқы сатысынан бастап, соңғы орамдауға дейінгі процестерді толық бақыладық. Алған әсеріміз мол. Дәрілерді өндіру саласындағы заманауй зерттеулермен танысу барысында, жабдықталу жағынан Қазақстанмен салыстырғанда өте жоғары деңгейде екеніне де көз жеткіздік. Жалпы «Польфарма» компаниясы әлемде дженериктік препараттарды өндіруден алдыңғы орында тұр. Орта Азиядағы, яғни еліміздегі «Химфарм» акционерлік қоғамы да «Польфарманың» филиалы болғандықтан, қазіргі таңда аталмыш мекемеде де сол препараттарды өндіру қолға алынып отыр. Ал елге алып келер жаңалыққа келсек, олардың саны көп. Негізінде, Қазақстандағы фармацевтика саласы өз дәрежесінде дамып келеді. Өйткені, бізде шикізат көзі мен дәрілік өсімдіктер мол. Тек оны дұрыс пайдаланып, үйрену керек.

27-005

 

– Академияны бітірген жастар жұмыссыз қалмай ма? Жалпы фармацевт мамандығына сұраныс қалай?

– Академия жыл сайын 100-ден аса жасты маман етіп шығарады. Ал бізде фармацевтикалық ассоциация деген ұйым бар. Ол ұйым арнайы бағдарлама аясында оқу орнын бітірген түлектерді жұмыспен қамтамасыз етумен айналысады. Негізі біздің студенттерге сұраныс көп. Сондықтан да көбіне ірі компаниялардан ұсыныс түсіп жатады.

– Ал, саған ұсыныс келіп түсті ме? Қайда жұмыс істемексің?

– Дәл қазір 3 мекемеден ұсыныс түсті. Бірақ, қайсысын таңдарымды білмей жүрмін.

– Елімізде фармацевтика саласына қандай да бір үлес қосу ойыңда бар ма?

– Негізі елімізде қолданып жатқан дәрі-дәрмектердің басым көпшілігі шетелден әкелінеді. Сондықтан жергілікті өндіріс компанияларын дамытып, отандық дәрілерді шығаруды жоспарлап отырмын. Ол үшін біраз тер төгуге тура келеді. Шетелден жинаған тәжірибем бар, алған білімім бар. Барлығын осы негізгі мақсатымды жүзеге асыру үшін пайдаланатын боламын. Осы саланы дамытуға күш саламын.

– Барлық бастамаларыңа сәттілік тілеймін!

Әңгімелескен – Айя Мүтәлі

«Оңтүстік Рабат», №27, 08.07.2015