Араға 19 жыл салып, яғни, 2015 жылы 22 маусымда Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруге қатысты құжаттарға қол қою шаралары аяқталды. Бұл оқиға – біз үшін тарихи маңызды қадам. Қазақстан ДСҰ-ның 162-ші мүшесі болды. Бұған дейін Қазақстанға ұйымның бақылаушысы статусы берілген еді.
Бұл 1996 жылдың ақпаны болатын. Қазақстанның алып ұйымға кірудегі келіссөз үдерісі шартты түрде үш кезеңге бөлінді. 1996-2000 жылдар ақпараттық-дайындық кезең 2001-2003 жылдар аралығы басты кезең. Өйткені, осы мерзім аралығында жұмыс тобының үш мәжілісі және екіжақты келіссөздердің жеті раунды өтті. Ал, 2004 жылдан бас-тап, бүгінге дейін соңғы кезең саналды.
Қазақстанның сыртқы саудадағы ең iрi үлесi ДСҰ-ға мүше мемлекеттерге тиесiлi екен. Сондықтан, елiмiздiң аталмыш ұйымға енуiн заңды деп санайды сала мамандары. Бүгiнгi таңда ДСҰ-ға әлемнiң 161 мемлекетi мүше. Әлемдiк сауданың 98 пайызы осы мемлекеттердiң үлесiнде. Егер еліміз туралы айтатын болсақ, 2014 жылдың соңғы деректерi бойынша, бiздiң сыртқы сауда айналымымыз 119,4 млрд долларды. Осы сауданың ең iрi үлесi ДСҰ-ға мүше мемлекеттерге тиесілі. Сыртқы сауданың 40 пайыз үлесiн Еуроодақ елдерi алып отыр. Одан кейiн Ресей – 19, Қытай – 18, Швейцария – 5, Түркия 3 пайыз болып келедi. Сол себептен бiзге сыртқы сауда айналымында әрiптес болып жүрген мемлекеттердің барлығы ДСҰ мүшелерi болып саналады. ДСҰ-ға өту деген – тек қана сыртқы сауда саясатын ғана емес, өзiнiң экономикалық, ауылшаруашылығы, өнеркәсiп саласындағы саясаттарын осы ДСҰ ережелерi мен құқықтық базасына сай жүргiзу деген сөз. Ол бiздiң елге келетiн тiкелей шетелдiк инвестицияның көлемiн арттыруға тiкелей септігін тигізеді. Еліміз тәуелсiздiк алған бастапқы жылдарда басқа елдермен екi жақты сауда және инвестициялық келiсiмдерге қол қойған болатын. Сол келiсiмдердiң арқасында бүгiнгi күнi экономикамызға 200 млрд. долларды құрайтын тiкелей шетелдiк инвестициялары келген. Бұл экономиканың өркендеуiне тiкелей әсер еткен.Сонымен, Дүниежүзілік сауда ұйымы қазақ экономикасына не береді? Ұтарымыз не, ұтылар тұсымыз қайсы?
Не береді?
ДСҰ-ның ең басты ұстанымы – «Еркін сауда» теориясы. Яғни, ол дүниежүзілік сауданы жеңілдетуге, сауда жасаушы мемлекеттер арасындағы кедергілерді еңсеруге, олардың арасында тең мүмкіндіктер қалыптастыруға ұмтылады. Былайша айтқанда, кімнің тауары сапалы, бағасы арзан болса, соған жол ашылуы керек. ДСҰ ұстанған қағидаттар осыған жәрдемдеседі. ДСҰ мынадай келісімшарттар аясында ауқымды жұмыс атқарады. Олар: сауда және тарифтік бас келісім; сауда және қызмет көрсетудің бас келісімі; сауда жүргізу жолдары және зияткерлік меншік құқығын қорғау келісімі; инвестициялық келісім; ауылшаруашылығы өндірісі жөніндегі келісім; тоқыма немесе жеңіл өнеркәсіп келісімі; субсидиялық жәрдем мен көмек каржы жөніндегі келісім; демпингке қарсы күрес келісімі; қаржы нарығындағы келісімшарт; санитарлық және фитосанитарлық келісімшарт; саудаға әдейілеп техникалық кедергілер келтірмеу жөніндегі келісімшарт.
Міне, осы келісімдер мен қағидаттарды жүзеге асыру барысында мынадай міндеттер пайда болады. Олар: жаппай жұмыссыздықты жою, халықты жұмыспен қамтамасыз ету; монополияға қарсы күресу; ішкі нарықты қорғау мен сақтаудың келісімді жолдарын белгілеу. Осыларды жүзеге асыру барысында сауданы жеңілдету немесе ырықтандыру арқылы жаңа индустрияға бет бұрған мемлекеттердің өндірісін дамытуға мол мүмкіншіліктер пайда болады. Өйткені, осындай жолға түскен дамушы мемлекеттер үшін ДСҰ-ға кіру – дүниежүзілік нарыққа есік ашумен пара-пар. Жалпы, ДСҰ-ға қосылу әлем халықтарына өздерінің орналасқан орнын, атқаратын негізгі кәсіптерін, өз жерлерінде бар дүниелерді тиімді пайдалану, оларды шетелдік нарықтарға шығарып, саудалауға мүмкіндік береді.
Не береміз?
Қазақстанның ДСҰ-ға енуі, біріншіден, басқа елдердің нарығында біздің экспортқа әділ қарым-қатынасты кепілдік етеді, сонымен бірге бізге шетелдік тауарлар мен қызмет түрлерін ішкі нарықта осындай жағдаймен қамтамасыз етуді міндеттейді.
Мұнымен қоса, ұйымға мүшелік Қазақстанға Дүниежүзілік сауда ұйымы құрамындағы елдердің нарығына тауарларды бұл мемлекеттердегі ішкі көліктік тариф бойынша экспорттауға мүмкіндік жасайды.
Үшіншіден, бүгінде Қазақстанның жалпы тауар айналымының 50 пайыздан астамы ДСҰ-ға мүше елдердің үлесінде. Сондықтан елімізге жалпы құқықтық кеңістік аясында өзіміздің ірі сауда серіктестермен сауда жасау маңызды.
Төртіншіден, Қазақстандық заңнаманы ДСҰ-ның негізгі келісімдеріне сәйкес үйлестіру болашақта отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін жақсартуға жетелейді. Мысалы, техникалық регламенттер мен стандарттарды әзірлеу кезінде бастапқы негізге жалпы мойындалған стандарттарды қабылдау сыртқы нарықтарға отандық тауарлардың шығуына ықпал етеді.Бесіншіден, Қазақстанның ДСҰ-ға енгеннен кейін осы ұйымға мүше елдердің тарапынан отандық тауарларға қатысты қазіргі кедергілерге тоқтау салынып, жаңа кедергілер енгізілмейтін болады. Мысалы ЕО елдері бүгінде Қазақстандық болат өнімдердің импортталуына байланысты квота қолданады. 2006 жылы оның көлемі 205 мың тонна деңгейінде белгіленді. Қазақстанның ДСҰ-ға енгеннен кейін аталған шектеу жойылады деп күтілуде.
Дей тұрғанмен еліміздегі сарапшылар Қазақстан әлі де бәсекелестікке дайын емес деп санайды. Мәселен отандық тауарлардың сапасы өзге мемлекеттермен салыстырғанда тиісті талаптарға сай келмей жатады. Бір ғана Қырғызстандық өнімдер әлемдік сауда нарығында өз орнын тапқан. Ал біздің кәсіпкерлердің шығарған өнімдері көңілден шыға бермейтіні анық. Яғни Қазақстан әзірге ДСҰ-на негізінен өнімді шикізат күйінде бере алады. Сондықтан сарапшылар отандық тауарлардың сапасын әлі де көтеру керек деп топшылайды.
Қазақстан мен Сингапурдың ұқсастығы неде?
Сингапур Азиядағы ең бәсекеге қабілетті экономикасы бар және сыбайлас жемқорлық деңгейі аса төмен, әрі аса қауіпсіз елдердің бірі болып танылған. Бұл табыстардың барлығы ең кішкентай «Азия айдаһарының» келешегі мол мүмкіндіктерін тамаша айғақтайды.
Осы тұрғыда саясаткерлер Қазақстандағы жасалынып жатқан ауқымды шараларды Сингапурдағы келелі жұмыстармен салыс-тыра келіп, ұқсастықтың бар екеніне болжам жасап отыр. Олай дейтініміз, елімізде еңсесін тіктеп, экономикасын ілгерлету жолында әлеуметтік хал-ақуалды жақсартуға күш салған болатын. Бүгінде сол еңбектің адал жемісін көріп отыр.
Гондураспен деңгейлеспіз
Халықаралық «Transparency International» ұйымының 2014 жылға арналған жемқорлық туралы есебінде Қазақстан былтырғы 140-орыннан ілгерілеп, биыл 175-елдің арасында 126-орынды иеленген. Ұйым Қазақстандағы жемқорлық деңгейінің төмендеуін заңнаманы реформалауға күш салып жатқанымен байланыстырса да, ол заңның әсіресе сот жүйесінде нашар қолданылатынын ескерткен. Ұйым сонымен бірге ірі трансұлттық компаниялар табысы мен төлейтін төлемдерін ашық көрсетпейтінін сынап, елдегі 55 трансұлттық компанияның ашықтық рейтингі бойынша төмен балл алғанын мәлімдеген. Бір қызығы, бұл көрсеткіште еліміз Гондураспен деңгейлес екенін көрсетіпті.
Дайындаған – Лаура Сапарбекова