26-008Мүлкіңіз бен қаржыңызды әлі заңдастырып үлгермедіңіз бе? Ендеше, асығыңыз. Себебі мүлікті ресми түрде заңдастыру ағымдағы жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасады. Қолындағысын жария етіп үлгермегендер не істейді? Жалпы мүлікті жария ету үшін қайда баруға болады? Кешіккендерге қандай шаралар көріледі? Бұл көпшіліктің көкейінде жүрген сұрақтар екенін білеміз. Осыған орай облыстық қаржы басқармасының басшысы Роза Исаеваға жолығып, мән-жайды сұрап-білдік.

– Роза Әбдірқызы, тек облыс емес, республика төңірегінде мүлікті заңдастыру шаралары қызу жүріп жатқанын білеміз. Бұл шаралар біздің өңірде қалай жүзеге асуда?

– Заңға сәйкес мүлікті жария ету жұмыстары біздің облыста жоспарға сәйкес жүргізілуде. 2015 жылдың 19 маусымдағы жағдай бойынша облыс тұрғындарынан 11 млрд 238 млн теңгені құрайтын 1 314 өтініш келіп түсті. Бұл соманың 5 млрд 163 млн теңгесі – 949 тұрғын үй нысандарының үлесінде. 6 млрд 75 млн теңгесі тұрғын үй емес нысандары, оның 5 млрд 882 млн. теңгесі коммерциялық нысандар болып табылады. Бірақ, заңда көрсетілген ережеге сәйкес барлық өтініштер қанағаттандырылған жоқ. Тек 901-і бойынша мүлік заңдастырылды. Бұл жұмыстар бойынша республикада алтыншы орындамыз.

– Облыс тұрғындары арасында шетелдегі мүліктерін жария етушілер бар ма?

– Әрине, бар. Облыс тұрғындарының 8 өтініші дәл осы шетелдегі мүліктерге қатысты. Нәтижесінде ел аумағынан тыс жерде орналасқан мүліктері, құнды қағаздары мен заңды тұлғаның жарғылық қорындағы үлесі жария етілген.

– Заңдастыратын мүлік санына қандай да бір шектеу бар ма?

– Дәл осы сұрақ бірқатар тұрғындарды мазалайтыны анық. Осы ретте айта кетейін, мүлікті заңдастырарда оның санына ешқандай да шектеу қойылмайды. Айтпақшы, ерекше атап өтерлігі, бізде пәтер не жер телімдерін өз қаржысына сатып алып, бірақ құжат бойынша меншігіне ешбір мүлікті тіркегісі келмейтін тұрғындар да баршылық. Олар мүліктерін туысының не өзге танысының атына аударып қойған. Рақымшылық жасау туралы заң аясында дүниелерін өз аттарына аударып алу қажеттігін айтар едім. Өйткені заң күшін жойған соң, оны өз атына заңдастыру қиындық туғызады. Себебі 2017 жылдан бастап барлық мемлекеттік қызметкер табысы мен мүлкі туралы декларация тапсырады. Ал 2018 жылдан бастап мұндай жариялылық барлық қазақстандыққа міндеттеледі. Осы кезде қандай да мүлік пайда болса, оны «қайдан?», «қандай?» қаржыға алдың деген сұрақ туындауы мүмкін.

– Мүлікті жария ету не үшін керек?

– Мүлікті жария ету не үшін қажет деген сұраққа келетін болсақ, еліміздің Статистика комитетінің бағалауынша біздің мемлекетте көлеңкелі экономиканың үлесі жоғары екен. Ол жалпы ішкі өнімнің 19,2 пайызын құрайды. Бұл жалпы ел экономикасының дамуы-на, әлемдік имиджіне кері әсерін тигізбей қоймайды. Осындай келеңсіз жағдайды реттеу үшін, сондай-ақ дүниежүзілік экономикалық дағдарыс кезеңінде ел экономикасының нығаюына қосымша қаржы тарту мақсатында мүлікті жария ету заңы қабылданды. Ал азаматтарды мүлік жария етілген соң, әкімшілік немесе қылмыстық іс қозғалмайды ма деген сұрақ алаңдатады. Бұл жөнінде кепілдік берілген. Заңда мүлікті жария ету барысында алынған мәліметтердің құпиялылығы сақталатыны, заңдастырылған мүлік пен мүлік иесінің үстінен жария ету барысында анықталған мәліметтерге сүйене отырып қылмыстық іс қозғауға, әкімшілік немесе тәртіптік жауапкершілікке тартуға тыйым салынған.

– Заңдастыру қалай жүзеге асырылады?

– Облысқа қарасты барлық аудан, қалаларда мүлікті заңдастыру бойынша арнайы комиссия құрылған. Сол комиссияға барып, өтініш беру керек. Мүліктің құжаттары түгел болуы шарт. Бізде үйі бар, бірақ баспанасы орналасқан жерді заңдастырмаған азаматтар кездеседі. Ерекше атап өткім келетіні, мүлікті заңдастыру үшін бірінші кезекте жер телімінің құжаттарына мән беріңіздер.

– Ал егер комиссия мүлікті заңдастырудан бас тартса немесе өтінішті қабылдамаса, кімге, қайда хабарласуға болады?

– Біздің облыстық қаржы басқармасына хабарласуға болады. Бірде-бір өтініш ескерусіз қалмайды, оның шешу жолдары қарастырылады.

– Мүлкін жария етуден жалтарғандарға қандай шара көріледі?

– Айыппұл салынады. Сондай-ақ егер де жылжымайтын мүлкі апатты жағдайда, мәселен оқыс оқиғадан үйі құлап немесе өзге де жағдай орын алса, мемлекет тарапынан бұл тұрғынға ешбір көмек көрсетілмейді. Ондай жағдайда тұрғын баспанасының өз меншігінде екенін де дәлелдей алмайды. Себебі құжат бойынша мүлік рәсімделмеген. Сол себептен барша облыс тұрғындарына мүлікті жария ету бойынша берілген рақымшылықты пайдаланып, мүліктеріңізді ертерек заңдастырып алу қажеттігін ескертемін. Мүлікті ешбір айыппұлсыз заңдастырып алуға берілетін мүмкіндеріңізді жіберіп алмаңыздар.

Айтпақшы…

2014 жылдың 30 маусымында Елбасымыз «ҚР азаматтарына, оралмандарға және ҚР тұруға ыхтияр хаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы заңға қол қойған болатын. Заң былтырғы жылдың 1 қыркүйегінде күшіне енген.

Жансая Тәуекелқызы

«Оңтүстік Рабат», №26, 01.07.2015