Қостанай қаласында волейболдан өткен республикалық жарыста ОҚО ішкі істер департаментінің командасы топ жарып, 1-орынға ие болды. Ірі жарыс ішкі істер органдары қызметкерлері арасында өткен болатын. Сол жеңімпаздарды марапаттау рәсімі облыстық ішкі істер департаментінде өтті.
ОҚО ІІД бастығы, полиция генерал-майоры Асқар Оспанов департамент намысын қорғаған қызметкерлерді салтанатты түрде құттықтап, құрмет грамоталары, медаль және сыйлықтармен марапаттады. Сондай-ақ, команданы бастап барған ОҚО ІІД бастығының орынбасары, полиция полковнигі С.Айтбековке чемпионат кубогы мен 150 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталды.
Жарыс барысындағы бірінші ойында ОҚО ІІД командасы Ақмола облысының ІІД командасымен кезедсіп, қарсыластарын 3:1 есебімен ұтты. Екінші ойында Солтүстік Қазақстан облысының ІІД-ін 3:0 есебімен жеңіп, үшінші ойында Қостанай облысының ІІД 3:1 есебімен ұтып, жарыс қорытындысымен чемпион атанды.
Осы жарыс барысында ОҚО ІІД командасының мүшесі, Сайрам аудандық ішкі істер басқармасының кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор, полиция аға лейтенанты Мамедов Мамед «Ең үздік шабуылшы» атанды.
Осымен облыстық ішкі істер департаментінің командасы Қазақстан Республикасының 2011-2014 жылдар арасында өткізілген «Жоғары лига» волейбол чемпионаттарының төрт дүркін чемпионы атанып отыр. Осыған орай команданың барлық мүшелерін облыстық мәслихат хатшысы Ержан Құдайберген құрмет грамотасымен марапаттады.