Ішкі істер министрі Полиция департаментінің жұмысымен танысты

68

Шымкентте полиция департаментінің бастығы тағайындалды. Жаңа лауазым иесін еліміздің Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов келіп, құқық қорғау органдары мен әкімдікке таныстырды. Ал экс-бастық Жетісу өңіріне ротацияланды.

Шымкент қалалық полиция департаментінде ауыс-түйіс орын алды. Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов арнайы келіп, үшінші мегаполистің бас полицейі қызметіне Думан Таевты тағайындады. Ал экс-бастық Қайрат Дәлбековке оңтүстік өңірдегі 6 жылдық мүлтіксіз қызметі үшін алғысын айтып, Жетісу облысына ауыстыру туралы ұсынысын айтты.

Марат Ахметжанов, ҚР Ішкі істер министрі: «Бүгін мен сіздерге Шымкент қаласы ПД-нің жаңа бастығын таныстыруға келдім. Президент әкімшілігінің келісуімен, менің бұйрығыммен ПД бастығы лауазымына Думан Әшкенұлы Таев тағайындалып отыр. Қабілетінің арқасында қаладағы қауіпсіздікті қамтамасыз етеді деп сенемін. Ал Қайрат Сұлтанбайұлы Дәлбековты ротация тәртібімен жаңадан құрылған Алматы мен Жетісу облысындағы қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығына ұсынып отырмыз».

Министр жаңа лауазым иесін тағайындай сала, қаланың қауіпсіздік саласын тексеруге кірісті. Бұл жедел басқару орталығы. Мұнда мамандар мыңдаған камерелар арқылы қала тыныштығын бақылайды.

Жаңа оқу жылы таяды. Сондықтан Марат Ахметжанов білім ордаларының қауіпсіздік жүйелерін тексерді. Ол үшін дабыл түймесінің қалай жұмыс істейтінін бақылап, мектеп директорымен байланысқа шықты.


Ішкі істер министрі балалар қауіпсіздігін басты назарда ұстау керектігін айтады. Сондықтан қаладағы барлық мекемелердің бақылау камерасын тұрақты түрде тексеріп отыруды тапсырды.

Марат Ахметжанов, ҚР Ішкі істер министрі: «100 пайыз мемлекеттік мекемелер цифрландырылды. Жаңа мектепке қоңырау шалынды. Талап бойынша барлық 25 камера байланысқа шығу керек. Қай жерде қандай қауіп бар екенін, қайда күшті жұмылдыру керектігін бақылайтын интеллектуалды камера қою керек. Бұл талапты жаңа басшыға да қойдым»

Қалада дабыл тетігіне қатысты мәселе жоқ емес, ол жыл соңына дейін шешіледі деп жоспарланған. Ал Шымкентте қылмыс саны 17 пайызға азайғанын айтқан еліміздің бас полицейі бұл салыстырмалы түрде үлкен көрсеткіш екенін жеткізді.