Облыс әкімі Оңтүстік бренді ретінде қауынқақты ұсынды

1447

А.Мырзахметов облыстың бренді ретінде қақталған қауын өнімін ЕХРО-2017 көрмесіне шығаруды ұсынды. Облыс әкімінің төрағалығымен арнайы жиын өтіп, онда өңір нарығын отандық тұтыну тауарларымен қамту мәселесі талқыланды. Мәжіліске тиісті сала басшылары мен өндіріс орындарының жетекшілері, кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалының өкілдері қатысты.

008

«Шымкент» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы жүргізген талдауларға сәйкес бүгінде өңір нарығы 5,5 трлн теңгені құрап, оның 29 пайызын азық-түлік тауарларының саудасы құраса, қалғаны бұл санатқа жатпайтын сауда-саттыққа тиесілі.

Азық-түлік тауарларының өндірісі мен тұтыну көлемін айқындаған сарапшылар бұл бағытта облыстың аудан, қалаларында тамақ өнеркәсібі саласында қажетті жобалар тізбесін де жасақтаған. Тамақ өнеркәсібі саласын дамыту бағытында әзірленген бұл жобада әр аймақтың табиғи-климаттық ерекшеліктері мен қажетті шикізат өндіру мүмкіндіктері ескерілген.

Талдау нәтижелерін сарапқа салған өңір басшысы басты міндет импорттық тәуелділіктен арылу екенін назарға алып, азық-түлік тауарларын өндіруде отандық кәсіпорындардың өндірістік қуаттылығын тереңінен талдап, шығаратын тауар ассортименттерін айқындау және дайын өнімді сату нарығын белгілеуді тапсырды.

Өңір басшысы сүт, ет өңдеу кәсіпорындарының жұмысын жетілдіру бағытында дұрыс логистика жүйесін қалыптастыруды міндеттеді. Оңтүстік Қазақстан облысы еліміздегі аграрлық шаруашылығы өркендеген өңірлердің бірі екеніне көңіл бөлген облыс әкімі ішкі нарықты ауыл шаруашылығы өнімдерімен жыл бойы қамту өзекті міндет деп белгіледі.

Осы орайда ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтайтын қоймаларды заманауи талаптарға сәйкестендіріп, өнімдерді жыл бойы сақтауға және қажетті логистиканы дамытуға жағдай жасау керек. Ішкі нарықты қажетті өнімдермен жыл бойы қамтып отырған шаруаларға мемлекеттік қолдау шараларын қарастыру да маңызды.

Осы орайда Асқар Исабекұлы облыстың бренді ретінде қақталған қауын өнімін ЕХРО-2017 көрмесіне шығаруды ұсынып, осы бағытта жұмыстар атқаруды жүктеді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі