Төле би ауданында бір күнде 24 нысан ашылды

437

Астана күні қарсаңында Оңтүстік Қазақстан облысында «Астана күніне тарту – 75 нысан» акциясы бастау алды. Осы шараның алғашқы күнінде Төлеби ауданында 24 әлеуметтік нысанның ашылу салтанаты өтті.

Акция аясындағы 13 елдімекенге табиғи газ беру салтанатты рәсіміне облыс әкімі Асқар Мырзахметов арнайы қатысып, тұрғындардың қуанышымен бөлісті.

— Астана күні мерекесіне орай облысымызда табиғи газ, ауызсу нысандары ел игілігіне беріліп, білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет салаларында әлеуметтік нысандар ашылып жатыр. Мереке аясында ашылатын 75 нысанның ішінде шағын және орта бизнесті қолдауға байланысты барлық ауданда типтік үлгіде салынған кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары мен кәсіпкерлік мектептері ашылмақ- деді аудан тұрғындарын құттықтаған өңір басшысы.

006

Сондай-ақ осы күні Леңгір қаласында аудандық кәсіпкерлік мектебі мен құлағы нашар еститін балаларға арналған мектеп-интернаттың 150 орындық жатынжайы, Бейнеткеш ауылында 175 орынға лайықталған мектеп ғимараты ашылып, 8 елдімекен орталықтандырылған су құбырына қосылды.

Бүгінгі шара аясында Зертас, Жаңакүш, Алатау, Қосағаш, Екпінді, Шұбарағаш, Шатыртөбе, Біркөлік, Тағайна, Бейнеткеш, Ынтымақ, Жаңажол, Ә.Науайы елдімекендерінің 30 мыңға жуық тұрғыны табиғи газбен қамтылса, Көксәйек, Қаратөбе, Жамбыл, Қостөбе, Балдыберек, Майбұлақ, Төңкеріс ауылдарының 18 мыңға жуық тұрғыны сапалы ауызсуға қол жеткізді.

Аталмыш шара 2 шілде күні Сайрам ауданы жалғасын табады. Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2 шілде күні өңірлердегі жаңа нысандар мен өндіріс орындарының іске қосылуына Елбасы телекөпір барысында куә болмақ. Түлкібас және Ордабасы аудандарындағы жаңа нысандарды Президенттің өзі ашып береді деп күтілуде.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі