Ата заңды ардақтағандар мерекелік медаль тақты

465

Конституция күні — тәуелсіз Қазақстанның құқықтық өмірінде мән мен маңыздылығы жағынан ерекше орынға ие, халқымыздың ең жоғарғы дәрежеде атап өтетін басты мерекелерінің бірі. Бүгін өңірдің зиялы қауым өкілдері Түркістан сарайына жиналды. Әрқайсының көңілі көтеріңкі. Мерекелік киімдерінің өзі салтанатты шараға сән берді. Облыс әкімі жиналғандармен жеке-жеке амандасып, мерекелерімен құттықтады.

Мінберден сөз алып, тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктің барлығы Ата заңымыздың арқасында деп үн қосты. Содан кейінз елеулі еңбек еткендердің кеудесіне мерекелік медаль тақты. Олардың арасында қоғам, мәдениет қайраткерлері, жазушылар мен мұғалімдер, спорт саңлақтары да бар.

Сапарғали Ақылбеков, үйде күтім көрсету арнаулы әлеуметтік орталығының директоры: «Мен қырық жыл еңбек еттім. Жуырда зейнетке шығам. Осы уақыт аралығында бірінші рет марапатқа ие болдым. Бұл да болса еңбегіміздің еленгені. Елбасына және облыс басшысына мың рахмет!»

Мемлекетіміздің Ата заңы — халқымыздың тәуелсіз ел болуды армандаған мүддесін заң тілінде айшықтаған, әлемге Қазақстан деген мемлекет бар екенін паш еткен құқықтық құжат. Атаулы күні патриоттық тақырыпта ән шырқалды. Конституциямен еліміздің мемлекеттік тұғыры нығайғаны қайта-қайта айтылып, ардақталды.