Түркістанда «Асқақтай бер, Астана» атты кеш өтті

646
"Облыстың Құрметті азаматы" атағына лайықтылар

Облыстың «Асқақтай бер, Астана» атты салтанатты жиыны Түркістандағы Қ.А. Ясауи атындағы халықаралық университетінде өтті. Халықты атаулы мерекемен құттықтаған өңір басшысы облыстың Түркістан деп аталуы, облыс орталығының киелі Түркістан шаһарына көшуі Астананың 20 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келгенін жақсылыққа балады.

Жансейіт Түймебаев, Түркістан облысының әкімі: «Өңірдің халқы үшін бұл керемет тарту. Киелі Түркістан  жері гүлденіп, экономикасы қарыштап дамиды. Инвесторлар көптеп тартылады, туризм саласын  дамытуға мол мүмкіндіктер  бар. Облыс орталығының Түркістанға көшуі оң шешім. Бұл үшін Елбасымызға алғысымыз шексіз».

Шара барысында өңірдің өркендеуіне елеулі үлес қосқан аудандағы аға буын өкілдері «Облыстың Құрметті азаматы» атағын алып, бір марқайып қалды. Құрметтен көпбалалы «Батыр аналарымыз» да құр қалмады.

Өріккүл Елубаева, Арыс қаласының тұрғыны, батыр ана: «10 баланы тәрбиеледім. Ұл-қыздарымның барлығы білімді, мен оларды мақтан тұтамын. Арыс ауданынан  салтанатты шараға  менімен үш жерлесім  қатысуда. Барлығы да құрметке лайық».

Жиында Ұлттық домбыра күні ұйымдастырылған «Күй құдыреті»  облыстық күйшілер байқауының қорытындысы бойынша жеңімпаздар марапатталды. 26 күйшінің арасынан озып шыққан саз колледжінің түлегі ордабасылық Бекзат Прилепесов бас жүлдені жеңіп алды.

Бекзат Прилепесов «Күй құдереті» облыстық күйшілер байқауының бас жүлдесін жеңіп алды

Бекзат Прилепесов, Ордабасы ауданының тұрғыны: «Бас жүлдені ұтамын деп ойламадым. Толқып тұрмын. Саз колледжін биыл бітірдім, енді Астанадағы университетте  білімімді шыңдаймын. Ереже бойынша  қатысушылар  11 күйдің  екі кезеңде екі күйден орындауы  тиіс болатын. Ойдағыдай орындап шықтым».

Астананың 20 жылдық мерейтойында түрлі сала мамандары мерекелік медальға ие болды. Жұрт алдында көрсетілген құрмет ынталандырады дейді наградталғандар.

Думанды кешке шығармашылық ұжымдар тыңғылықты дайындалып келген. Тарихымыздан сыр шерткен қойылымнан бастап, әсем әндер Астанаға арналды.

Шынар Оразова