М.Мырзахметұлы Абайды зерттеуге 30 млн теңгесін жұмсаған

1264
Мекемтас Мырзахметов

30 миллион теңге. Танымал ғалым, профессор, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мекемтас Мырзахметұлы ұлы ақын Абайдың шығармашылығы мен өмірін зерттеп-жазу жолында осынша қаржы жұмсаған. Қаламгер онысын ешқашан міндетсінбеген, тек естелік айтып, сұхбат кезінде ғана айтып қалды.

"Абай әлемі" әдеби бұрышы ашылды
«Абай әлемі» әдеби бұрышы ашылды

Биыл Абай Құнанбайұлының 170 жылдығына орай шаһарамызда еске алу-әдеби кештер өтіп жатыр. Облыстық «Отырар» кітапханасында «Абай әлемі » атты әдеби бұрыш ашылды.

Мақсат Омар
Мақсат Омар

Мақсат Омар «Абай әлемі» бұрышымен танысуға алғашқылардың бірі болып келді. Жас оқырманның көздегені – М.Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясына қол жеткізу. Айтуынша, бұған дейін еңбектің 3 томын оқып шыққан.

Мақсат Омар, оқырман: «Бір бастаған бетті кемінде 5 рет оқыған шығармын. Өйткені бір оқығаннан түсіну қиын, кемінде бес рет оқып, соңына қарай түсіне бастадым. Мен «Абай жолының» 3-томын толығымен оқып, аяқтап шықтым. Құдай қаласа, 4-томын аяқтауға келіп отырмын. Осы оқыған 3 том кітаптан алған әсерім – «Абай жолында» қазақ жайлы, ең бастысы, иман жайлы айтылады».

Абайдың өмір жолын, оның шығармашылығына зерттеу жүргізіп, қалам тартқандар аз болған жоқ. Сауытбек Абдрахманов, Николай Анастасьев, Дүкенбай Досжан, Тұрсын Жұртбай, тағысын тағылар. Бірі Абайды шығысқа баулыды, енді бірі оны батыстың әдебиетімен байланыстырығысы келді.

Ал сонау 1989 жылы «Абай» диссертациясын үлкен еңбекпен, қоғамдағы теріс көзқараспен күресе отырып қорғаған Мекемтас Мырзахметұлы еді. Енді қаламгерді көпшілік ғалым, мемлекеттік сыйлықтың лауреты ғана емес, ең бастысы, абайтанушы ретінде таниды. Кітап көлемі жағынан Әуезовтің еңбегінен де асып түскен. Профессордың айтуынша, Абай мұрасына арналған ғылыми зерттеу-еңбектерінің саны – 50. Олардың әрқайсысы кемінде 2000 данамен жарық көрген. Таңданарлығы сол, автор мыңдаған ғылыми жинақтарының жарық көруі үшін өзінің тірнектеп жинаған теңгесін жұмсапты.

Мекемтас Мырзахметов
Мекемтас Мырзахметұлы

Мекемтас Мырзахметұлы, абайтанушы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты: «Абайға арналған кітаптарымның басылуына 20-30 миллион теңге қаржы жұмсалды. Әрине, оны маған ешкім берген жоқ, бала-шағаның аузынан қағып кітап шығару керек болды. Өйткені бұны шығарудың мақсаты да сол  – бүкіл біздің шындықты көрсету, халықтың көзқарасын өгерту болды. Исламияттың тарихы, оған Абайдың көзқарасы әлі күнге қозғалыссыз жатыр. Оны біз аша алғанымыз жоқ. Енді ғана ашуға, зерттеуге талпынудамыз. Абайды ешкім толықтай таныған жоқ деп айта аламын, мен ғылыми айналымға кейіннен енген соң ғана кішкентай ғана бір сөзден үлкен маңызды дүние жатқанын ұқтым. Осылайша Абайдың ислам дінін ұстанғанын және оның түп-тамырын зертттеу менің де шәкірттеріме жүктеліп отыр. Мен оларға бағыт-бағдар ұсынамын».

Биыл Ұлы Абайдың 170 жылдығы құрметіне орай Астанада «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығы ашылады деп жоспарланған. Ол халықаралық маңызға ие болмақ. Абай тағылымын ол деңгейде таныту әлдеқашан-ақ іс жүзіне асқанын ескерсек, ол да көпке жаңалық емес.