Шымкенттегі сауда логистикалық орталықта 8 ірі жоба іске асуда

337

Шымкентте 92 га аумақта орналасқан сауда логистикалық орталығында 8 ірі жоба жүзеге асуда. Бұл орталыққа инфрақұрылым салынып, 24,3 млрд теңгеге жеке инвестиция тартылды. Бірінші кезеңдегі нысандар биылдың қыркүйегінде іске қосылады.

003

Бұл туралы облыс әкімі А.Мырзахметов облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында мәлім етті. Сонымен бірге Мақтаарал ауданы мен Түркістан қаласында сауда логистикалық орталықтарының инфрақұрылымына жобалық-сметалық құжаттар әзірленді.

Өңір басшысының айтуынша, шағын және орта кәсіпкердің саны 128 мың адамға жетіп, 4,2 пайызға өскен. Онда 723 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, 8 млрд теңгеге артып отыр.

Биыл «Максимум» аймақтық-инвестициялық орталығы 2,9 млрд теңгені құрайтын 778 жобаны қаржыландырып, 1365 жұмыс орны ашылды. Жыл соңына дейін 9 млрд теңгеге 2 мың жобаға қолдау көрсетілетін болады. Ал «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 137,5 млрд теңгенің 99 жобасы мақұлданды.

Есепті мерзімде облыстың барлық аудан, қалаларында кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары мен кәсіпкерлік мектептері типтік жобада салынып, ашылды. Бүгіннің өзінде 8,6 мың кәсіпкерге қызмет көрсетіліп, оның ішінде 746 кәсіпкер рұқсата құжаттарын алды. Кәсіпкерлік мектептерінде 3 532 адам оқытылып, 735,4 млн теңгеге несие алуға 41 кәсіпкерге көмек берілді.

Сессияда аймақ басшысы отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында 9 млрд теңгеге тауарлар мен қызметтерді жеткізуге жеті ұлттық компаниямен меморандумға қол қойылғанын айтты.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі