Судьялар велосипедке мінді

308

Оңтүстікте «Билерге тағзым» веложарысы ұйымдастырылды. Оған облыстық сот пен өңірлік билер одағы ұйытқы болды. Ата заңымыздың 20 жылдығына орайластырылған шараға 40-тан астам судья қатысып, спорттық шымырлығын шыңдап көрді.

011

Веложарыс облыстық соттың ғимаратынан бастау алды. Судьялар 43 шақырым қашықтықты бағындыруға тырысты. Оларға жол бойында 3 мәрте аялдап, демалуына мүмкіндік берілді.

Нұрсерік Шәріпов, облыстық сот төрағасы: «Биыл бірқатар мерекелік шаралар басталды. Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мен Қазақстан халықтар ассамблеясы және Ата заңның 20 жылға толуы. Осыған атсалысып, салауатты өмір салтын насихаттаған әріптестеріме алғысымды білдіремін.»

Тәртіп сақшылары судьялардың қауіпсіздігі үшін жолсерік болды. Алғашқыда қатысушылар 19 шақырымды жүріп өтіп, аялдауға кірісті.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=DaDxrmUhBGU[/youtube]

Нұрсерік Шәріпов, облыстық сот төрағасы: «Мені 1-кезеңнің нәтижелері қуантып отыр. Қаладан аттанғандардың барлығы белгіленген жерге жетіп үлгерді. Қатысушылардың орташа жасы шамамен 45-55-ті құрайды.»

Түс ауа велошеруге қатысушылар көзделген мәреге жетіп тоқтады. Бұл веложарыс Ордабасы ауданындағы «Бірлік» монументінің маңында тәмамдалды. Шақырымды шаңғытқан топ үш жүздің басын қосқан ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Мақсат Жақсыбаев