Шымкентте құрылысы созбаққа салынған мектепте әупірімдеп жүріп алғашқы қоңырау соғылды. №44 білім ошағының есігі шәкірттер үшін ашылды. Мердігер берген уәдесін орындап, нысанды пайдалануға берді. Ал құрылысы бір айға кешіккен №25 мектептің ауласында жұмыс әлі қызып тұр. Соған қарамастан бұл мектепте де алғашқы қоңырау соғылды.
Бұған дейін қала әкімі Ғабидулла Рахматоллаұлы алқа мәжілісінде жөндеуі толық аяқталмаған мектептердің құрылыс жұмысының оқушыларға кедергі келтірмеуін қатаң тапсырған болатын. Құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан жерде қозғалысты шектеп, биік шарбақтармен қоршау қажеттігін қадап айтқан еді.
Қазіргі таңда бұл білім ошағының ұстаздары мен ата-аналар үшін қауіпсіздікті күшейту керек болып тұр. Өйткені ашық құрылыс алаңына алаңдаған жұрт көп. Ал 289 млн теңгеге №44 мектепті күрделі жөндеуден өткізген мердігер уәдесін әупірімдеп орындап шықты. 1 қыркүйек күні 1000-ға жуық оқушы партаға жайғасып, «Менің Отаным — Қазақстан!» тақырыбында алғашқы ашық сабағын өткерді.
Іргетасы 1973 жылы қаланған білім ошағында биыл төрт бірдей бірінші сынып ашылды. Мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сыйға тартқан «Менің Отаным — Қазақстан!» оқулықтарын қолдарына алды.
Айта кету керек, бүгін Шымкенттегі 123 білім ошағында алғашқы қоңырау соғылды. 6 мектепте күрделі жөндеу жүргізіліп, үш ауысымда оқытудың мәселесі оңтайлы шешілді.
Нұрлан Жаңабай