Шымкенттегі апатты үйдің тұрғындары далада қалуы мүмкін. Төле би көшесіндегі сейсмоқауіпті деп танылған № 15 үйде жуырда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жергілікті билік өкілдері мұндағы тұрғындарды уақытша «Нұрсәт» шағынауданындағы үйлердің біріне орналастыруға уәде еткен. Алайда, құрылыс басталар тұста атқамінерлер бұл уәденің үдесінен шыға алмай қалды.
Тозығы жеткен тұрғын үйде қазір жанын шүберекке түйіп 37 отбасы тұрып жатыр. Қыркүйек айында мұнда сейсмонығайту жұмыстары басталып, баспана күрделі жөндеуден өтеді. Жергілікті билік өкілдері уәде еткен уақытша баспанаға иек артқан тұрғындардың қазір барар жері де жоқ.
Ләззат Әшірімбетова мамыр айында ғана үйін жөндепті. Ал қазір қабырғалары ырсиып, төбесі опырыла бастапты. Тұрғындар жарықтарды жасыру үшін түсқағаздарды жапсырған, бірақ одан да қайран жоқ.
Баспаналары көз алдарында қирап жатқан тұрғындар күрделі жөндеудің көмегі болатынына сенбейді.
Ал Еңбекші аудандық әкімінің мамандары күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізетін мердігер компания анықталып болған соң, құрылыстың басталатынын айтады. Бұл мақсатқа тиісті қаражат та қаралып қойыпты.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=_t6PUAwoPy0[/youtube]
Жергілікті атқамінерлер уақытша баспана қамын тұрғындар өздері жасауы қажет дейді. Ал апатты үйді зерттеп-зерделеген арнайы мамандар тобы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге болады деп отыр.