Апатты үйде тұрып жатқан кентаулықтар Президентке хат жазбақ…

148

Кентау қаласының тұрғындары қабырғасы қақырап, шатыры шытынап тұрған үйлерін апатты екенін дәлелдей алмай жүргендеріне бірнеше жыл болды. Қауіптенген тұрғындардың кейбірі пәтерін тастап, туыстарын жағалап кетсе, барар жер басар тауы жоқтары жанын шүберекке түйіп, сол үйде тіршілік етіп жүр. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалған тұрғындар қайда барарларын білмей дал.

Кентау қаласының тұрғыны Хадиша Әбдиева 10 жылдан астам уақыттан бері баспанасының апатты екенін дәлелдей алмай келеді. Атқа мінерлердің есігін қағудан шаршаған. Ал жалғызбасты ана тұратын үйдің қабырғаларындағы жарықтар күн санап үлкейіп барады. Әкімдерден қайыр болмаған соң, қауіпті пәтеді тастап, туысқандарын жағалап жүр.

Хадиша Әбдиева, Кентау қаласының тұрғыны: «Тоқаев мырзаға, президентімізге жетсе ең болмағанда. Облыс әкімінен қайран жоқ. Қала әкімінен де үміт жоқ олардың ешқайсысынан» .

1961 жылы салынған үйге бірде бір рет жөндеу жүргізілмеген. Мүгедектер мен жалғыз басты аналарды қосқанда 13 пәтердің тұрғындары үреймен күн кешіп келеді. Қабырғадағы жарықтардың арасынан бір-бірімізді көріп отырамыз дейді.

Жанат Тойғанбаева, Кентау қаласының тұрғыны: «Іргетасынан құлап тұр. Қалай ол ремонтқа жарайды түсінбедік. Келіп тексерген адамның біреуінде көрген жоқпыз. Сыртынан келіп, өздері шешім қабылдап кетеді. Ремонтқа болады дейді, шындап келгенде көзімізге біреуі де көрінген жоқ».

Баспана апатты деп танылған жағдайда әкімдік тұрғындарды басқа жерден пәтермен қамтамасыз етуі тиіс. Ал, жауаптылар оған асығантын емес. Баспананы арнайы тексерген сарапшылар осындай қорытындыға келген. Үй мен ондағы тұрғындардың тағдыры биылғы тексеру қорытындысына байланысты.

Асхат Әбдірасилов, Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы: «Үй 2017 жылы тексеруден өткен болатын. Арнайы шақыртылған эксперттер үйді апатты емес деген қортындыға келген. Жылына бір рет болатын тексеруді биыл тағы өткіземіз. Соның жауабына байланысты шешім шығарамыз».

Күн санап күйреп бара жатқан үйдің тұрғындары мен әкімшілік қызметкерлері ортақ шешімге келе алар емес. Ашынған жұрт жауапсыз әкімдерден шаршағанын айтып, президентке хат жазамыз деп тарқасты.

Ғалымжан Кенжебек