Шымкенттегі апатты үйлердің тұрғындары үреймен күн кешуде…

311
Түркістан көшесіндегі апатты №14 үй

Шымкенттің аумағындағы 2180 көпқабатты үйдің бүгінде екеуі апатты деп танылған.

Осыған дейін Абай көшесіндегі, №9 мекен-жайындағы апатты ғимарат сүріліп, орнына жаңа нысан салынуда. Апатты жағдайдағы үйі жалғыз баспанасы болған 24 адам жалпы кезекте тұр.
Түркістан мен К. Тоқаев көшелерінің қиылысында орналасқан мына №14 үй апатты деп танылған. Қаланың келбетін бұзған үйдің қас беті бірнеше рет жөнделіп, әрленгені де байқалады. Ал ауласындағы көріністің сиқы аянышты. Іргетасы шөгіп, құлағалы тұрған апатты үйдің екінші қабатында Алдановтар отбасы тұрады.

Мәнсия Алданова, апатты үйдің тұрғыны

75 жастағы Мәнсия апа бөлмелерін көрсетіп «бізді қоя берші, жасарымызды жасадық, мына немерелерім үйіндінің астында қалып қоя ма деп қорқамын» дейді.

«Күнде жатқанда қорқамыз Төбеден су ағады, қабырғалары анау, еден болса ойнап тұр. Мен Батыр анамын, қала әкімінің қабылдауында болғанмын. Баспана береміз деп  уәде берді. Әлі тұрып жатырмыз» дейді ашынған тұрғын.

Бірінші қабатта тұратын Тамара Богатырева да апатты деп танылған үйде жанын шүберекке түйіп өмір сүріп жатқанын жеткізді.

«Бұл пәтерде енем тұратын, мен 1971 жылдан бері тұрамын. Үйді апатты деп танылғаны да есімде жоқ. Көршімнің балалары жүгіріп ойнағанда төбемен бірге құлап кетеді ме деп алаңдаймын. Ұйқыдан қалдым, күніміз жаңа баспананы күтуімен өтуде. Жалпы кезекке тұрдым. Осыдан бір-екі жыл бұрын барғанда 23-ші болып кезекте тұрсыз деген еді»,-дейді тұрғын Тамара Богатырева.

Людмила Афанасьевна күйеуінің жаңа баспананы көрмей бақилық болғанын айтады. «Кезегімізге жете алмай соңынан кетеміз бе» дейді зейнеткер. Қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасындағы мамандар «басшысымыз әлі тағайындалмаған, бізге әкімдіктегілер мәлімет беруге тыйым салған» деп шығарып салды.

Апатты үйлердегі тұрғындарды баспанамен қамту мәселесі жөнінде қаңтардың 17-не жіберген арнамыздың хатына осы күнге дейін жауап келген жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, Шымкент қаласында бүгінде баспана кезегінде апатты деп танылған үйлердің 24 тұрғыны кезекте тұр. Осыған дейін авариялық жағдайда 3 көпқабатты үй болса, Абай көшесіндегі үй сүріліп, жаңа нысан бой көтерген. Ал қалған 2 үйдің тұрғындары құлағалы тұрған баспанада күн кешуде.

Шынар Оразова