Шымкент қаласы бойынша реновациялау бағдарламасы аясында тозығы жеткен және апатты деп танылған баспаналар түбегейлі жаңартылады.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында Шымкент қаласының тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасы жобасы әзірленіп, Шымкент қаласы әкімдігімен арнайы қаулы қабылданды.

Қазіргі таңда Шымкент қаласы бойынша техникалық зерттеу қорытындысы негізінде бұзуға ұсынылған көппәтерлі тұрғын үйлер саны – 107-ні құрап отыр. Оның ішінде аудан бөлінісіне сәйкес, Абай ауданы бойынша – 56 үй, Әл-Фараби ауданы бойынша – 43 үй, Еңбекші ауданы бойынша – 8 үй.

Шымкент қаласындағы тұрғын үй қорын реновациялау – бұл авариялық тұрғын үй қорының өсуін болдырмау, тұрғын үй аумақтарын дамытуды және оларды абаттандыруды қамтамасыз ету мақсатында азаматтардың өмір сүру ортасын жаңартуға және өмір сүруіне, қоғамдық кеңістікке қолайлы жағдай жасауға бағытталған іс-шаралар жиынтығы.

Тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасын қаржыландыру жергілікті бюджет және инвестициялар арқылы, оның ішінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктері арқылы жүзеге асыру көзделіп отыр. Тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасын іске асыру үшін уәкілетті ұйым – «Shymkent «ӘКК» АҚ.

Аталмыш бағдарламаны іске асыру азаматтардың тұрғын үймен қамтамасыз етілу көрсеткішін жақсартуға мүмкіндік береді және тұрғын аумақтардың орнықты дамуына, экономикалық, әлеуметтік, өзге де қоғамдық мүдделерді ескере отырып, өмір сүрудің қолайлы ортасын, қоғамдық кеңістікті құруға және аумақты абаттандыруға ықпал етеді. Сонымен қатар шырайлы шаhардың қазіргі заманғы келбетін қалыптастыруға әсері бар. Қазіргі таңда аталған бағдарлама аясында тұрғындармен кездесу арқылы келіссөздер жүргізілуде.

Айта кету керек, биыл «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасының іс-шаралары бекітілген болатын. Аталған жол картасында 2022-2025 жылдар аралығында қабылданған бағдарлама негізінде республика бойынша барлығы 250 авариялық тұрғын үйлерді бұзу және тұрғын үй мен жер учаскесін реквизициялау тәртібімен азаматтарды одан көшіру қарастырылған.

QAINAR KÓZШымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі