Сарыағаш ауданындағы Келес өзенінің жағалауынан алынған тасты нөмірі жоқ жүк көліктері жаппай ұрлап әкетіп жатыр. Ал табиғи байлықты тонаған көліктерді тоқтатуға шенділер құлықсыздық танытуда. Тіпті, жауапты мамандар да ол жерде қара көрсетпейді.
Ашынған ауыл тұрғындары өзенді қазып жатқан экскаваторға бейнекамерамен барған. Оларды байқаған жүргізуші жұмысын тоқтатып, қаша жөнеледі. Тіпті, өзенге киімімен қойып кеткен.
Мұхамедәлі Нұрбаев, Дербісек ауылының тұрғыны: «Олар кешке, түнде жұмыс бастайды. Міне, экскаватор тұр ана жерде, демалып. Ауыл әкімшілігі, аудан әкімшілігі бұған көз жұмып, білместікпен қарап отыр.»
Ал сарыағаштық сақшылар болса, күндіз-түні ұрыларды аңдып жүрміз деп ақталды. Алайда, бірде-бір істің ашылған не тіркелген дерегі жоқ.
Бердалы Оразгелдиев, Сарыағаш аудандық ІІБ басшысының орынбасары: «Осоны тоқтатудың мәселесімен түнгі топтар құрып, сақшы-сарбаздардың қосылуымен, әкімшілік тарап пен табиғатты қорғау инспекторларымен бірге түнгі топтар құрып, біраз іс-шаралар атқардық.»
Жергілікті биліктегілер де жүйелі күрес жүргізіп отырмыз деп ақталды.
«Кезекшілік ұйымдастырып, прокуратурамен де, мына учаскелік полицейлермен де жүреміз. Рейдтер жасаймыз. Оларды өзенге түсіргізбейміз. Сонда да болса, әр кезде ұрлыққа баратындар бар.»
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=5k8A87RrQ0I[/youtube]
Қалай болғанда да әкімдіктегілер мен құзырлылар күресті күшейтпесе, жұрт жұмылып ұрыларды өзіміз тәртіпке саламыз деп отыр.
31.kz