Түркістан облысына қарасты Келес өзені бойындағы көпір пайдалануға берілді. Қос ауылды жалғап жатқан өткел Сарыағаштың бас мешітіне апарады. Бұған дейін ауыл халқы құлшылық орнына біршама жерді айналып баратын. Енді міне, көпір қолданысқа беріліп, жамағат мешітке төте жолмен келе алатын болды.

Түркістан облысындағы Келес өзені үстіндегі көпір құрылысы аяқталды. Оны тамашалау үшін ауыл тұрғындары мен облыс әкімі келді. Ұзындығы 60 метрге созылған өткел құрылысы осыдан 3 ай бұрын басталған еді. Енді міне жұмыс аяқталып, Жарты төбе мен Ынтымақ елді мекенінің тұрғындары дән риза.

«Бұрын мына ауылдан мына ауылға баратын болсақ, 15 шақырым айналып баратын едік. Қазір мына көпір біткеннен кейін 2 шақырым арамыз. Сарыағашқа да жақын болып қалды. Оң жолымыз. Одан бөлек «Ауылым – ел бесігі» бағдарламасы бойынша биыл ауылда асфальтталмаған көше қалмады. Қазір столбалар қойылып жатыр. Бұрын 1 транформатор қойған жерден, қазір 5 транформатордан қойып жатыр», дейді ауыл тұрғыны.

Қос ауылды жалғап жатқан көпір жағаматты ауданның бас мешітіне апарады. Тұрғындардың айтуынша олар бұған дейін Алла үйіне біраз жолды айналып келетін болған.

Айта кетейік, өткел бюджеті 216 млн. теңгені құрайды. Жауаптылар сөзінше бұл Түркістан облысында аяқталған жол құрылыс жұмыстарының бір парасы ғана.

Сондай-ақ, атқамінерлер биыл Түркістан облысындағы жол сапасын да жақсартқанын айтады. Мәселен, бұған дейін Мақтааралдағы жол деңгейі 56 пайыз болса, биыл 90 пайызға жақсарыпты. Ал, Жетісай жолдары 53 пайыздан 95 пайызға, Сарыағаш 85 пайыздан 94 пайызға, Келес 72 пайыздан 85 пайызға қанағаттанарлық деңгейде жеткен.

Назерке Үкібасова