«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына дауыс беру тоқтатылды

Қыркүйектің екінші жексенбісі — отбасы күні. Бұл мереке соңғы уақытта елімізде кеңінен аталып өтілуде. Жыл сайын «Мерейлі отбасы» ұлттық сайысы ұйымдастырылып, үлгілі жанұялар жұртшылыққа таныстырылады.

Ал бүгін биылғы байқау қатысушыларына дауыс беру тоқтатылды. Осымен екінші рет өтіп жатқан байқаудың жеңімпазын ел таңдайды. Дүбірлі додада Оңтүстіктің намысын Қуатбековтер әулеті қорғайды.

Нью-Йорк ғылым академиясының академигі, химия ғылымдарының докторы Әбдімұса Мұратұлы бүгінде жұбайы Карамат Пердешқызы екеуі екі қыз бен бір ұлдан 6 немере сүйіп отырған бақытты жанұя. Отбасының берік негізін қалаған жандар татулық пен түсіністікті ту етіп, қиыншылықтарды бірге жеңгенін айтады.

Айта өтейік, Қуатбековтер жанұясы биыл облыстық «Мерейлі отбасы» байқауының бірінші орын иегері атанған болатын. 200-ден астам үміткердің арасынан суырылып шығып, Оңтүстіктің намысын қорғауға уәде еткен.

Ал республикалық «Мерейлі отбасы» байқауына 2285 жанұя қатысқан. Оның 1700-ден астамы — ауыл тұрғындары. Биыл қатысушылардың саны өткен жылмен салыстырғанда шамамен екі есеге көп. Бұл туралы Астанада өткен брифингте белгілі болды. Ұлттық комиссия төрайымы Ляззат Сүлеймен өз сөзінде бұл жолғы сында Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл облыстарында қатысушылардың белсенділігі жоғары болғанын жеткізді.

Ләззат Сүлеймен, ҚР Президенті жанындағы ұлттық комиссия төрайымының орынбасары: «Байқауға қатысушылардың арасында көп балалы отбасылардың саны 2 есеге артты. Жас отбасылардың саны 1,5 есеге артты. Қарағанды, Қызылорда, ОҚО, ШҚО бойынша. Айта кететін тағы бір көрсеткіш, халқымызда ата кәсіп деген ұғым бар. Белгілі бір мамандық бойынша кәсіптік шеберлігін ұрпақтан ұрпаққа беріп отырған әулеттер бар. Осындай 319 әулет байқауға қатысты.»

Еліміздің әр өңірінен үздік деп танылған 16 отбасыға дауыс беру SMS хабарлама жіберу немесе интернет дауыс беру арқылы анықталды.