Жасырын дауыс беру құқығы міндетті түрде сақталады

33
Сайлау -2019

Сайлау күні азаматтар үшін 10 223 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Оның 77-сі шетелдерде. «Халық қалаулылары» таңдалатын сайлауда 12 миллионнан аса адам дауыс беруге құқылы. Оның ішінде сайлау учаскелеріне кейбір себептермен бара алмайтын азаматтар да бар.

Мәселен, денсаулық жағдайына байланысты немесе отбасыдағы сырқат туысына күтім жасап отырған адам. Одан бөлек, шалғай ауылда тұратын, жол қатынасы қиын ауданның тұрғындары да бар. Олар сайлау учаскесіне бармай-ақ дауыс бере алады. Ол үшін сайлаушы тұрғылықты жердегі сайлау комиссиясына жазбаша өтініш берсе болғаны. Өтініш беру мерзімі 19 наурыз жергілікті уақытпен сағат күндізгі 12:00-ге дейін жалғасады.

Өтініш келіп түскеннен кейін сайлау комиссиясының төрағасы сайлаушылар тізіміне тиісті белгі қояды. Үй-жайдан тыс дауыс беруге арналған тасымалданатын сайлау жәшіктерін сайлау комиссиясының екі мүшесі алып жүреді. Олармен бірге байқаушылар және сенім білдірген өкілдер жүруге құқылы. Бюллетеньдер сайлаушыға жеке басын куәландыратын құжат пен жазбаша өтінішін көрсеткен соң беріледі. Жасырын дауыс беру құқығы міндетті түрде сақталады.

Сапарға шыққан, өзге қалаға қоныс аударып жатқан, жұмыс барысымен басқа өңірге баратын азаматтардың қалай дауыс беретініне тоқталсақ. Азамат бірінші кезекте өзі тіркелген учаскеге барып, дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігін алуы тиіс. Ол үшін жеке куәлігі мен жазабаша өтініш талап етіледі. Бұл процесс 18 наурызда аяқталады.

Естеріңізге сала кетейік, дауыс беру учаскеңізді экранда көрсетілген сайттар мен мессенджерлерден көріп, біле аласыз: sailau.gov.kz, egov.kz, telegram, Ikomek, 109 call-орталығы, тұрғылықты жердегі облыс немесе қаланың ресми сайтынан. Сізден тек ЖСН талап етіледі.