Ителгі

Оңтүстік Қазақстан облысында контрабандалық мақсатта ауланған ителгілер құтқарылды. Шымкент әуежайында ұсталған құстардың құны бір миллион долларға бағаланып отыр. Сұғанақтар заңсыз ауланған, табиғатта сирек кездесетін 24 құсты кәдімгі тауар секілді шабаданға салып, шекарадан алып өтпек болған.

Ителгі

Қымбат жүктің иесі оны араб елінде тұратын бай-бағландарға сатқысы келгенін мойындады. Алайда аңшылардың арамза жоспарын кеден қызметкерлері мен шекарашылар бұзды. Сирек кездесетіндіктен, ителгі Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген.

Ителгі

Ұсталғандар әуежайдан өтерде құстарды дәрімен ұйықтатып тастапты. Алайда жүкті ұшаққа тиеу барысында оянып кетіп, шу шығарған. Қылмыстық іс қозғалған уақытта бұл құстар Шымкент зообағында арнайы уақытша сақтауда болды.  Өкінішке орай, бүгінде құстардың төртеуі өліп қалыпты. Қалғандарын мамандар таулы жерге апарып, еркіндікке ұшырды.