Жауаптылардың салғырттығынан қарапайым халық отынсыз қалуы мүмкін

352
Табиғи газ

Қаланың қақ орталығындағы Солтүстік-батыс шағынауданының 4 мыңға жуық тұрғыны қақаған қыста тоңамыз деп дабыл қағып отыр. Осыдан үш жыл бұрын аталған аумаққа көгілдір отын жүргізу ісі қолға алынған болатын. Бірақ шенеуніктердің шикі тірлігі мен мердігердің немқұрайлығы салдарынан бұл іс созбаққа салынып кетті.

Табиғи газ

Көпшіліктің ашына айтқан ауыр сөзі түсінікті. Бюджеттен бөлінген қыруар қаражатты қалтаға басқан мердігерлер жұмыстарын аяқтап, көгілдір отын қосуға асығар емес. Жоспар бойынша бұл шағынауданға көгілдір отын 2013 жылы желтоқсанда берілуі тиіс еді. Одан соң созбаққа салынып, соңғы мерзім биылғы тамызға кеп тірелді.

Бірақ бәрібір нәтиже жоқ. «Құрылысқа тапсырыс беруші қала басшылығы да, 601 млн теңгені алып, тірлікті тындырамыз деген «Алаш Оңтүстік» мекемесі де былқ етпейді. Алдағы қысты ескеріп жатқан ешкім жоқ» деп ашынады жұртшылық.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=Zl3ghPR3mRs[/youtube]

2600-ге жуық тұтынушыға газ беруге міндеттелгендер құбыр тартуды аяқтап, қалалық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық бөліміне тапсырған. Ал ол мамандар балансына алған жүйені қараусыз қалдырыпты.

Тек тілшілер мәселені зерттеуге көшкенде ғана мердігерлер жүйедегі ақауларды анықтауға кірісті. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бүгін сығымдау жұмыстары қолға алыныпты.

Нұрлан Жаңабай