Зияткерлер қолөнер шебері атанды

801
Назарбаев зияткерлік мектебі

Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Ұлттық тарихымызды ұлықтайық» атты республикалық қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесінде І орынды жеңіп алды.

КөрмеАталмыш іс-шара 2015 жылдың 21 қазаны күні облыстық мәдениет басқармасының көрме орталығында ұйымдастырылып, көрме-жәрмеңкеге отандық өнімдерді дайындайтын 30-дан аса өндіріс орындары және білім мекемелерінің ұлттық нақыштағы қолөнер мен баспа еңбектері қойылды.

Бұл байқауда Назарбаев зияткерлік мектебінің 12 оқушысынан құралған топ Оңтүстіктен жиналған қолөнер майталмандарымен қатар Маңғыстау, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл облыстарының он саусағынан өнер тамған шеберлерімен бақ сынасты.

Оқушылар көрмеге жиналған қауымға сабақтан тыс ұйымдастырылатын «Қышпен жұмыс», «Роботты техника», «Өнер тамған он саусақ», «Жас кілемші», «Жас қолөнершілер», «Сабанмен жұмыс», «Алтын оймақ», «Көркем сурет» сынды үйірмелерде жасаған бұйымдарын паш етті. Жас шеберлер қыштан, жүннен, сабаннан, ағаштан, моншақтан жасалған тақырыптық бұйымдарын ұсынса, «Роботты техника» үйірмесінің қатысушылары жылжымалы киіз үй мен робот-ата нұсқасын жасап, қалың жұртты таңқалдырды.

Қазылар алқасының мүшесі, ОҚО мәдениет басқармасының мұражай мен кітапханалар бөлімінің меңгерушісі Момынова Эльвира Қанатқызы «Көрмеге қатысушылардың арасында тек зияткерлік мектеп оқушылары ғана шеберліктерін тәжірибе жүзінде көрсете білді» деп, оқушылардың еңбегін ерекше атап өтті.

Білім мен өнерді қатар алып жүретін нағыз зияткер шәкірттерімізді жеңістерімен құттықтаймыз. Алар асуларыңыз көп болғай!