Анарбек Орман: «Шымкентте эпидемия ошағы пайда болуы мүмкін»

401
"Су ресурстары" мекемесі

Шымкентте эпидемия ошағы пайда болуы мүмкін. Өйткені, әбден тозығы жеткен құбырлардан су тұтынушылар кез келген сәтте инфекциялық ауруларға шалдығуы ғажап емес. Мұның алдын алу үшін «Су ресурстар-Маркетинг» мекемесі үй ішіндегі құбырларды несиеге пайызсыз ауыстырып беруге ұсыныс жасауда.

"Су ресурстары" мекемесі

 

Шымкентте 1800-ге жуық көп қабатты тұрғын үй бар. Оның 20 пайыздан астамында ғана су құбырлары жаңартылған. Ал қалғанының жағдайы сын көтермейді. Соның салдарынан тұрғындар түрлі қиындықтарға тап болып жатыр.

Шіріген құбырлар

Анарбек Орман, «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС бас директоры: «40 жыл бұрын Кеңес кезінде жүргізілген су құбырларының әбден тозығы жеткен. Темір құбырлар парлап барғанда 25 жыл қызмет жасайды. Оларды тот басып, темірінің жұқаруы жоғарғы қысымдағы суға шыдай бермейді. Сондықтан кейбір жағдайда, жоғарғы қабаттағы үйлерде су қысымы аз болады. Бізге толассыз қоңыраулар түсіп жатады. «Ойбай, біздің жоғарғы қабатта су ағып, үлкен шығын болып жатыр» дейді. Жертөлелер толып жатады. Ол эпидемия ошағы болып табылады. Біздің мақсат — тұтынушыларды тәуліктің 24 сағатында сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету. Алайда, қазіргі уақытта көптеген үйдегі су және кәріз жүйелерінің сапасы сын көтермейді. Жаңарту бағдарламасына орай әр серияда салынған үйлерге әр түрлі бағада жаңартып беруді ұсынып отырмыз. Несие мерзімі — 2 жыл. Және пайызсыз.»

Тозығы жеткен құбырлардың кесірінен судың 30 пайызы тұрғындарға жетпей қалады. Заңға сәйкес, тұтынушылар мұны ортадан төлеуге мәжбүр. Осыдан мезі болған жұртшылық құбырларды пайызсыз 2 жылдық несиеге ауыстырып беру ұсынысын бірден қабыл алды.

Жаңа құбырлар

Даржан Жанғабылова, 16-шағынаудандағы №42 «А» үйдің төрайымы: «Мен төрайым болғандықтан, тұрғындардың тарапынан есептеп отырсам, айына 1600 теңгедей су квитанциясымен бірге келеді екен. Бұл жақсы ғой. Біздің үйді айтатын болсам, жертөледегі құбырлар жамау-жамау. Су немесе кәріз құбыры тесілсе, өз бетімізше жасауға тырысамыз. Алайда жағдай онымен тураланбайды. Бір жерін жамасаң, екінші жері шығады. Ал жертөледен шығатын иісті айтып болмайды. Антисанитария. Бұл жаңашылдық халыққа өте қолайлы. Ақшасын бірден бермейсің. Ай сайын, жайлап бересің. Есесіне құбырдың барлығы жаңарып қалады. Керемет. Енді көршілеріме айтамын. Мұны олар қолдайды деп сенемін. Ал ай сайын пайдаланған суға жоғалғанына тағы қосымша төлейміз. Жаңа қарап отырсақ, жаңартқан үйлер бұл проблемадан құтылған. Мекемеге рахмет! Осындай жағдай жасап отырғаны үшін.»

Шіріген құбыр

Су құбыры мен кәріз жүйесі жаңартылған үйлердің тәжірибесін ескерсе, бұл баспаналарға тіршілік көзі түгел жетеді. Онымен қоса құбырды күтіп-баптау мен су есептеуіш құралын тексеріп, жөндеу жұмыстарын мекеме өз міндетіне алған. Ал халық жаңарту жұмыстарын жасатуда қай мекемені таңдаса да өз еркі.