Шымкентте жас нәрестені сатуға қатысты іс сотқа өтті. Бұл жаға ұстарлық фактіні мектеп оқушыларының сабаққа қатысуын тексерген прокурорлар анықтаған болатын. Құзырлы орган өкілдерінің айтуынша, 4 баласы бар ана бесінші сәбиін босанған соң оны 200 мың теңге мен қос алтын сырғаға айырбастап жіберіпті.
Еске салайық, бала сату оқиғасын осы көктемде №53 мектепті тексеру кезінде прокуратура өкілдері анықтады.
Тергеу кезінде бұл әйелдің жақында ғана күйеуінен ажырасқаны анықталды. Өзі 4 баласы бар ана бесінші сәбиінен осылай бас тартпақ болыпты.
Оған көмекке келген сіңлісі ғаламтор арқылы болашақ сәбидің асыранды ата-анасын тауып береді. Ол кісілер Атырауда тұратын перзентсіз отбасы болып шығады. Босанған соң бейбақ әйел баласын алушыларға беріп жібереді. Басында сәбиі үшін ақша алмаймыз деген апалы-сіңлілер кейін атыраулықтар берген 200 мың теңге мен алтын сырғадан бас тарта алмапты.