«Шырайлы Шымкент — 2015» көрмесі өтті

473
Көрме

«Шырайлы Шымкент — 2015.» Облыс орталығындағы «Риксос Хадиша Шымкент» қонақ үйінде осындай жәрмеңке өтті. Оған туристік компаниялар және осы сала бойынша мамандар дайындайтын оқу орындары мен қонақ үй кешендері, қолөнершілер қатысты. Іс-шарадағы басты мақсат — көне шаһардың тарихын таныстыруда аса маңызды ішкі туризмді дамыту.

Көрме

Көрмеде ұсынылған дүниелер көп. Мұның барлығы ішкі туризмді дамытуда ауадай қажет. Шымкенттің бүгінгі шырайы мен кешегі тарихын талайларға танытуды мақсат еткен қала әкімі өзі бас боп көрме қойылған залға бас сұқты. Туристік компаниялар, әуе тасымалы, қызмет көрсету орындары мен саланың көсегесін көгертетін өзге де тармақтарымен жіті танысты.

Көрмеде көне үлгідегі заттар да қойылды. Қолөнерші Шынболат Кендебайұлы бұл жолы қалың қауым алдында саз-балшықтан бұйым жасаудың жолын көрсетті. Талайлар таңдай қағып, санаулы сәтте тың дүние әзірлеудің әдісімен танысты.

Көрме қорытындысы бойынша көш бастаған топ «Астана-Экспо-2017» халықаралық көресіне қатысуға мүмкіндік алады. Оған осы таныстырылымнан таңдалып шыққан үздік номинация иелері аттанбақ.

«Эксподағы» ерекше таныстырылымға, әсіресе, қолөнер бұйымдары бойынша сұраныс жоғары. Көрменің көркін ашатын өзге де таңдаулы тың дүниелер 2017 жылы Астана төрінен көрінеді дейді мамандар.

Мақсат Жақсыбаев