Қолөнер шеберлері «Көрме орталығында» бас қосты

1375

Жүннен тоқылған бұйым мен құрақ көрпеше, ағаштан ойылып жасалған түрлі дүниелер сатылған күн. Бүгін   Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолөнер шеберлерінің кезекті көрмесі өтті.

Көздің жауын алатын жауһарлардан тізіле жайылған жәрмеңкеге келушілер де көп болды. Облыс көлемінде ұйымдастырылған көрме – жәрмеңкеге ұлттық өнерді ұлықтап, оны дамыту жолында еңбек етіп жүрген хас шеберлер жиылды.

Солардың бірі – Бәйдібек ауданынан келген Эльмира Омарбекова. Мүмкіндігінің шектеулі болғанына қарамастан қолөнерші қыз жасауы, оюлы киімдер мен құрақ көрпелер тігіп, кәсіп етеді. Сондай-ақ екі адамды жұмыспен қамтып отыр екен. Осылайша жәрмеңкеге қатысушы оюмен әспеттелген туындылар сұранысқа ие екенін дәлелдеп жүр.

        

Эльмира Омарбекова, қолөнерші: «Үй жағдайында қыз жасауын, көрпе, киім-кешек тігіп, кәсіп етемін. Құрақ көрпелер, оюланған туындыларға деген сұраныс жақсы. Көрші ауылдардан да үзілмей тапсырыс алып отырамыз. Оның құпиясы, біз тігін машинасымен емес, қолмен тігеміз. Ал мына көрме халықпен танысуға мүмкіндік беріп отыр. Осы жерден де тапсырыстар түсіп жатыр».

«Халық мұрасы – халық қазынасы» атты арқау еткен көрмеге облысымыздың аудан-қалаларынан, сондай-ақ Алматыдан ат терлетіп келген 50-ге жуық қолөнерші қатысты.

Олар жүннен, қыштан, ағаш, темірден жасаған ұлттық бұйымдарын, аспаптарын көпшілікке паш етті. Өнер иелерінің сатылымға шығарған дүниелері көптің көңілінен шықты.

Гүлнәр Қабыланова, қала тұрғыны: «Бұл қолөнершілерді осындай көрмелер арқылы танып жатырмыз. «Визиткаларын беріп, келіңіздер, оқытамыз» деп те жатыр. Өте жақсы әсер алдым. Маған керек көп заттар бар екен. Осындай көрмелер көп болса жақсы болар еді».

 Бір қуантарлығы аға буын өкілдерінен қалыспай, туындыларымен таңқалдырған жастардың қатары қалың. Іс-шараның көздегені де сол – өскелең ұрпақты ұлтымыздың қасиетті құндылықтарын сақтауға үндеп, еңбекке баулу.


Осымен 4-ші жыл ұйымдастырылған көрмеге жиналған қатысушыларға қазылар алқасы бағасын беріп, ең үздік туынды иесін анықтайды. Жеңімпазды қандай сыйлық күтіп тұрғаны айтылмады.

Әлия Әділбек