Үш күндік рейдте 2 миллион теңгенің айыппұлы салынды

225

Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында «Мигрант» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді. Үш күндік рейдті көші-қон полициясы басқармасының қызметкерлері ұйымдастырған.

Келімсектер

Іс-шара барысында полицейлер көші-қон заңнамасын бұзған 839 құқық бұзушылықты анықтады, оның ішінде 614-і — шетел азаматы болса, 225-і — Қазақстан Республикасының азаматы. Тәртіп бұзғандарға 2 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды.

Шараның мақсаты — құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, Қазақстан аумағына заңсыз келетіндерді анықтау мен заңсыз көші-қон арналары мен оларды ұйымдастырушылардың жолын кесу.

Тексеру кезінде көші-қон полицейлері шетелдік жұмыс күштері тартылатын базарлар мен сауда орындарын, тұрғын үй аумағы мен жеке секторларды, кәсіпорындар мен мекемелерді тексерді.

Соның нәтижесінде жеке басын анықтайтын куәландыратын құжаты жоқ 54 құқық бұзушы қабылдау-тарату орнына жеткізілді. Жеке немесе заңды тұлғалардың Қазақстан аумағында шетелдiктердiң болу қағидаларын бұзуы бойынша 166 құқық бұзушылық анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 32 шетелдік әкімшілік соттың шешімімен ел аумағынан шығарылды.

Сонымен қатар шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін Қазақстанның 68 азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қылмыстық жауапкершілікке тартылғын 2 шетел азаматы және 1 қазақстандық соттың шешімімен қамауға алынды.

Қазіргі уақытта ОҚО ІІД көші-қон полициясы басқармасының полицейлері көші-қон заңнамасының тәртібін сақтауды қамтамасыз ету мақсатында қосымша шаралар қабылдауда.