Газ таратушылар рейдке шықты

289
Газ мамандарының рейді

Табиғи газды пайдаланар алдында абай болыңыз. Өйткені иіс газынан уланғандардың қатары көбеюде. Қауіпсіздік шараларын күшейту масқатынды «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясы мен «Омега 21» газ тарату мекемелерінің мамандары бірігіп, қаладағы бірқатар нысандарды тексерді. Арнайы рейд ұйымдастырды.

Газ мамандарының рейді

Рейд Темірлан тасжолы бойында орналасқан сауда қатарларынан басталды. Алайда бақылаушылар «Аян» атауын иемденген нысанға кіре алмады. Өйткені жекеменшіктің иесіндегі ғимаратқа күзетшілер бас сұқтырмады.

Ал сол маңдағы наубайханаға кіру оңай болды. Мұндағы жұмысшылар нан пісіру үшін көгілдір отынды үздіксіз пайдаланады. Бірақ, қауіпсіздік ережесін ұмыт қалдырған. Өрескел қателікке жол бергендерге ескерту жасалды.

Айта кетейік, облыста тұтынушылардың мердігерлер арқылы газды рұқсатсыз қосып алуына тыйым салынған. Алайда кейбір пысықайлар мұны біле тұра халықтың өміріне қауіп төндіретін әрекеттерге барыпты. Ал заңсыз тірлік әшкерленсе, мердігерлер емес, тұрғындар айыппұл төлеп, қалтасынан қағылады дейді мамандар.

Жылыту маусымы аяқталғанша табиғи отынды пайдаланғанда абай болғаныңыз жөн. Қандай да бір ақаулар пайда болса, «КазТансГаз Аймақ» мекемесіне барып, маман кеңесіне жүгініңіз. Ал мұндай түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады. Бұл жолы ескертумен шектелген тексерушілер келесі рейдке дейін кедергілердің жоймаса, кінәлілер қатаң жазаға тартылады деп отыр. Ереже сақтамайтындардың көгілдір отыны ажыратылады.

Лаура Мамырова