В. Божко

Сырдария өзенінің төменгі сағасына жақын орналасқан елдімекендерге әзірге судан келер қауіп жоқ. Оңтүстік Қазақстан облысында жұмыс сапарымен жүрген ішкі істер министірінің орынбасары Владимир Божко осылай деп мәлімдеді. Министрдің орынбасары стратегиялық маңызы зор Көксарай су реттегішінде болып, ондағы атқарылып жатқан жұмыстарды өз көзімен көріп қайтты.

В. БожкоҚазір Шардара су қоймасында 3 млрд текше метр су бар. Контрреттегіштен төмен қарай секундына 700 текше метрден аса су жіберіліп жатыр. Мамандар қазірден көктемгі селдің алдына алуды қарастырып жатырмыз дейді.

Жұмысшы топ стратегиялық маңызы зор нысанда жүргізіліп жатқан инженерлік жұмыстармен танысты. Көксарай су реттегіші Оңтүстік Қазақстан облысы мен көршілес Қызылорда облысындағы Сырдария өзенінің жағалауына жақын орналасқан ауылдарды селден қорғап келеді. Салынғанына бес жыл болған нысанның ұлтанына құм тұрып, батпақ тола бастаған. Сондықтан реттегіште қалатын суды Сырға қайтадан толық ағызып жіберетін арна қазу керегі айтылды.

Владимир Божко, ҚР ішкі істер министірінің орынбасары: «Қазір су реттегішін бекемдей түсу үшін суды қабылдайтын каналдың жағалауының кейбір жерлерін таспен бекітіп, ұлтанын тазалауымыз керек. Бұған дейінгі жобада мұндай жұмыстар қаралмаған. Негізі, бес жылдан бері Сырдарияны жағалай отырған ауылдарды сел шайып кетпегенін осы Көксарай су реттегішінің көмегі деп айтуға болады. Сондықтан алып нысанды барынша қадағалап отыру маңызды.»

Жиналған су жазда егістікті суаруға жіберілсе, су тартылғанда реттегіш маңы жайылымға айналады. Оған қоса арнасы кеуіп бара жатқан Аралдағы су деңгейін көтеруге де сеп болады деген үміт жоқ емес.

[youtube]https://youtu.be/F6NV9wAPZiE[/youtube]