«Шардара су қоймасы 83 пайыз толған»: Су басу қаупі бар ма?

102

«Шардара» су қоймасы 83%-ға толған. Дегенмен судан келер қауіп жоқ. Бұл туралы суқойманың бүгінгі жағдайымен танысқан еліміздің Су ресурстары комитеті мәлімдеді. Алайда алдағы күндері жауын-шашын жауатынын ескерген жергілікті мамандар қосымша қашыртқы салу қажет екенін айтады.

Шардара су қоймасы 83 пайыз толған. Қазір су көлемі өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Су мөлшерінің жоғарылауына қардың жылдағыдан қалың жауып, аяз болуы себеп болып отыр. Сондай-ақ көрші елдерден көп мөлшерде су жіберіліп жатыр дейді мамандар. Әрі «Казгидромет» болжамына сәйкес Түркістан облысында 31 қаңтар мен 3 ақпан аралығында қатты жауын-шашын күтілуде. Сондықтан, қоймаға қосымша қашыртқы қажет.

Өмірбек Болысбеков, инженер-гидротехник: «Қосымша су қашыртқы қажет екені анық. Өйткені, қазір суды қайда жіберетінімізді білмей жатырмыз. Ертең күн жылынып, бірден көп мөлшерде су келсе, абдырап қаламыз. Негізі бұл мәсенлені көтеріп келе жатқанымызға ұзақ уақыт болды. Міне, бүгін тағы айттық. Енді қарастырамыз деді».

Ал су ресурстары комитетінің мамандары аса қауіп жоқ екеніне сенімді. Айтуларынша, қазір Шардара су қоймасынан Қызылорда облысы мен Көксарай контррегуляторына су жіберілуде. Және комитет қосымша гидротехникалық құрылыс салу туралы ұсынысты жақын арада қарастыратынын айтты.

Досбол Бегмағанбетов,  Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары: «Біз қазір барлығын бақылауда ұстап отырмыз. Аса қауіп жоқ. Шардара су қоймасының аумағын толық қарап шықтық. Қорқудың қажеті жоқ. Біз үшін қауіпсіздік маңызды».

Қауіптің алдын алу үшін жергілікті мамандар Экология министрлігіне Арнасай су қоймасына құйылатын суды секундына бес жүзден мың текше метрге дейін ұлғайтуға рұқсат беруін сұраған.