Ауладағы ескірген көліктерге салық төленуі тиіс

221

Әр үйдің алдында тұрған жарамсыз көліктер түгелденеді. Ал тұрғын үйін арзан бағалағандар салықтан жалтара алмайды. Былтырғықателік биыл қайталанбауы тиіс.

Облыс бюджетін көбейтуді көздеген мемлекеттік кірістер департамент мамандары облыс әкімі орынбасарының алдында есеп берді. Түсімді еке еселегендер салық төлемдерін көтерудің жолын тауыпты. Жалған кәсіпкерлікті жою үшін түрлі жоспар құрған. Сондай-ақ, өңірімізге келетін еңбек мигранттарының саны қатаң қадағаланып, табыс салығын түгендемек ниетте.

Өткен жылы облыс әкімінің жер, мүлік, және көлік құралдарының салық түсімдерін көбейту бойынша берген тапсырмасы орындалған. Мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары үй-үйді аралап, жеке азаматтардың мүліктерін түгендеген.

Нәтижесінде 1031 жылжымайтын мүлік нысаны қосымша кірісі көзі ретінде тіркелген. Ал заңды тұлғалар мен кәсіпкерлердің мүлкін қайта бағалаудан 218 млн теңге өндірілген. Яғни, зәулім үйлерін болмашы ақшаға бағалатып, салығын жымқырғандардың ісі әшкере болған.

Ғалымжан Орынов, мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары: «Осылай салықты көбейтуге болады. Бірақ, біздің адамдар жетпейді. Сондықтан әр үйді аралауға жергілікті әкімдіктен мамандар берілсе дейміз. Бірлесе жұмыс жасалса деген ұсынысымыз бар».

Сонымен қатар, көлік салығын төлемегендер де тиісті жазасын алған. Өткен жылы 98 мың азаматтан 768 млн теңге өндіріліп, бюджетке құйылған.

Дәл осы көлік салығына келгенде әбден тозығы жетіп, тек қаңқалары қалған көліктердің берешегі шаш етектен екені анықталыпты. Олардың иелері мүлкін тіркеуден шығара алмай әлек. Ал енді бірі сенім хатпен сатып жіберген.

Нәтижесінде тіркелген көліктен тиісті төлем алынбай, көрсеткіш кейінге кетіп отырған. 1960-70 жылдары аралығында шығарылған көліктердің соңғы бес жылдағы салығы жүз мыңғ теңгеге жетіп жығылады. Ал мүлкі иесі қаңтарылған көлікке салық төлеуді жөн деп санамайды.

Ал кеденнен түсетін салым облыс қазынасын екі еселеткен. Нәтижесінде 2015 жылдың түсімі 109,3 пайызды құрапты. Бірақ, кеден бекеттерінің ескіргені мамандардың көңілін көншітпей отыр.

Сондықтан халықаралық пунктерді замануи үлгіде жабдықтауды сұранып отыр. Ол үшін арнайы жобалары да дайын екен. Барлығы автоматтандырылған тексеріс уақытты үнемдеп, түсімді еселейді дейді салықшылар.

Өткен жылды қорытып, осы жылға жоспар құрған департамент есебін тыңдауға келген облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр сауалды жуық арада шешіп беруге уәде етті.

Одан бөлек, мүлікті жариялау бағдарламасының орындалу барысын талқылады. Жиынды қортындылап, бірқатар тапсырмалар берді. Дағдарысқа қарамастан, салықтың барлық түріндегі түсімді қатаң қадағалауды тапсырды.